Абай облысында KIA автокөліктерінің ресми дилері болып саналатын Ilbers auto компаниясы клиенттерін көлік сатып алу кезінде қосымша құрал-жабдықтарды алуға міндеттеп келген, деп хабарлайды Ertenmedia.
Компанияның бұл әрекетін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өңірлік департаменті анықтап, ресми ескерту жасады.
Антимонополиялық органның хабарлауынша, дилер өзіне берілген нарықтағы басым жағдайды асыра пайдаланып, тұтынушыларды көлікпен бірге қажетсіз қосымша жабдықтар алуға мәжбүрлеген.
«Антимонополиялық орган Қазақстанның Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, дилердің әрекеттерінен үстем жағдайды асыра пайдаланудың анық белгілерін тапты. Яғни, автосалон тұтынушыларды экономикалық не технологиялық тұрғыдан негізделмеген талаптарды орындауға мәжбүрлеп, қосымша міндеттемелерді мойнына іліп отырған», – делінген агенттік хабарламасында.
Қазіргі уақытта аталған заң бұзушылық жойылып, автосалон агенттіктің ескертуін толық орындаған.