Қазіргі таңда қоғам алдында тұрған күрделі мәселелердің бірі – жастар арасындағы нашақорлықтың таралуы. Соңғы жылдары синтетикалық есірткі заттарының жаңа түрлері пайда болып, олардың интернет арқылы қолжетімділігі күрт артты. Мұндай жағдайлар жастардың денсаулығына тікелей қауіп төндіріп, олардың болашағына балта шабуда.
Осы орайда, Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы «Жасыл ел» бағдарламасының қатысушыларына арнап профилактикалық кездесу өткізді.
Кездесу барысында жастарға есірткі заттарының түрлері, олардың ағзаға тигізетін зиянды әсері, сондай-ақ бұл заттарды қолданудың заң алдындағы жауапкершілігі туралы жан-жақты мәлімет берілді. Шараның басты мақсаты – жастардың есірткі мәселесіне деген көзқарасын өзгертіп, оларды салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру.
Іс-шараға Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Нурум Сәдуақасов арнайы шақырылды. Өз сөзінде ол қазіргі таңда қоғамда кең таралып жатқан психобелсенді заттар жайлы айтып, олардың физикалық және психикалық салдарына тоқталды. Сонымен қатар, есірткімен күрестегі құқықтық тетіктер мен мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралар туралы да баяндады.
Жастар тарапынан қойылған сұрақтар өте көп болды. Олар есірткінің қалай таралатыны, жастарды қалай азғыратыны, және осындай жағдайлардан қалай сақтануға болатыны туралы нақты мысалдар келтіріп, пікір алмасты.
Спикердің тәжірибеге сүйене отырып берген жауаптары қатысушыларға үлкен ой салды.
Бұл кездесу тек ақпарат берумен шектелмей, жастар мен құқық қорғау органдары арасында сенімді диалог орнатуға мүмкіндік берді. Қатысушылар мұндай шаралардың жиі өткізіліп тұрғанын қалайтындарын айтып, болашақта волонтер ретінде профилактикалық жұмысты бірге жүргізуге ниет білдірді.