Түркістан облысы әкімдігі өңірде ірі қара мен ұсақ малдың жаппай қырылғаны және жергілікті биліктің фермерлерге көмек көрсетуден бас тартқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Әкімдіктің мәліметінше, аймақта қуаңшылықтан немесе шегіртке шабуылынан мал қырылу дерегі тіркелмеген. Сонымен қатар, мал азығы мәселесі де толық бақылауға алынған.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жағдай тұрақты екенін айтып, нақты мәлімет ұсынды.
«Бірлік ауылдық округінде 4600 бас ірі қара, 82 мың бас ұсақ мал және тағы 5400-ге жуық өзге түліктер тіркелген. Биыл мал басына тұрақты ветеринариялық қызмет көрсетіліп, толық есепке алынды. Малдың жаппай қырылу жағдайы тіркелмеді», – деді аудан әкімі.
Келес ауданы әкімдігінің Instagram парақшасында маусым айының басында болған аномалды ыстыққа қарамастан, егістік алқаптарының басым бөлігінде, әсіресе тамшылатып және жер асты суару жүйесі қолданылатын аумақтарда ылғалдың жеткілікті деңгейде сақталғаны айтылды.
Шегіртке мәселесіне қатысты әкімдік өкілдері аймақта зиянкестерге қарсы 700 мың гектардан астам аумақта арнайы өңдеу жұмыстары жүргізілгенін, мониторинг үздіксіз жалғасып жатқанын хабарлады.
«Әлемжеліде тараған шегірткенің «жаппай шабуылы» туралы видеолар шындыққа сәйкес келмейді. Олар басқа өңірлерде немесе шетелде түсірілген ескі видеоматериалдар», – делінген әкімдік хабарламасында.
Жергілікті билік фермерлермен тұрақты байланыста екенін, әрбір шағым мен өтініш бойынша жедел түрде оқиға орнына барып, мәселенің мән-жайын анықтап отырғанын атап өтті.
«Қажеттілік туындаса, фермерлерге балама жайылым ұсынылып, шөпті белгіленген бағада сататын орын ұйымдастырылып, логистикалық қолдау көрсетіледі», – дейді әкімдік өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Түркістан облысында қуаңшылық пен шегірткенің кесірінен шаруашылықтар шығынға батып, жергілікті биліктің қолдау көрсетпей отырғаны туралы ақпарат тараған.