5 шілде күні Қонаев қаласындағы Heaven Club демалыс аймағында ашық суда жүзуден халықаралық OCEANMAN-2025 жарысы өтеді. Аталған іс-шара – жаз мезгіліндегі маңызды спорттық оқиғалардың бірі болып саналады, — деп хабарлайды Ertenmedia.
Қалада OCEANMAN жарысы 2022 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт аралығында жарыс Қазақстан аумағындағы ғана емес, шетелдік спортшылар арасында да танымалдыққа ие болды. Қатысушылар саны жыл сайын артып, қатысушы елдердің географиясы да кеңеюде.

2022 жылы жарысқа 1 200 адам қатысса, олардың 275-і – 18 жасқа дейінгі жас жүзгіштер болды. Бұл жылы жарысқа 8 шет мемлекеттен спортшылар келген.
2023 жылы қатысушылар саны 1 800 адамға жетіп, оның 543-і – кәмелет жасына толмағандар. Ал жарысқа қатысушы мемлекеттер саны 26-ға артты.
2024 жылғы көрсеткіштер бойынша, OCEANMAN жарысына 2 650 адам қатысып, олардың 848-і – 18 жасқа дейінгі қатысушылар. Шетелден келген елдер саны – 18.

Биылғы жарыста 700-ден астам спортшының қатысуы жоспарланып отыр. Олар 10 км және 5 км қашықтықтар бойынша бақ сынайды.
•OCEANMAN – 10 км
•HALF OCEANMAN – 5 км
Жарысқа кәсіби спортшылармен қатар, әртүрлі жастағы әуесқой жүзгіштер де қатысады. Жеңімпаздар абсолюттік және жас ерекшелігіне байланысты анықталып, салтанатты түрде марапатталады.

Қонаев қаласы су туризмі бағытында тұрақты түрде дамып келеді. Қапшағай жағалауы ашық суда жүзу жарыстарын өткізу үшін табиғи жағдайы мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктерімен ерекшеленеді.
Айта кетейік, OCEANMAN жобасы алғаш рет Испанияда бастау алған. Бүгінде бұл жарыс әлемнің 20-дан астам елінде өткізіліп келеді. Жобаның басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
OCEANMAN-2025 жарысы Қонаев қаласының туристік әлеуетін арттыруға, сондай-ақ спорт пен белсенді демалыс мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қоспақ.