Президент Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдап, елдегі экономикалық реформалардың орындалу барысын талқылады деп жазады Ertenmedia.
Үкімет басшысы Президентке экономиканы әртараптандыру, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
Қазір мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда жалпы құны 2,3 триллион теңгені құрайтын, 20 мың адамға жаңа жұмыс орнын ашатын 45 ірі индустриялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалардың мақсаты экономиканың құрылымдық тұрғыдан жаңарып, тұрақты дамуын қамтамасыз ету.
Премьер-министр сондай-ақ, Президенттің Қауіпсіздік кеңесінің отырысында жүктеген тапсырмаларының орындалу барысына тоқталды. Әсіресе көлік және транзит саласын дамыту бойынша қабылданған шаралар баяндалды.
Кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер де егжей-тегжейлі талқыланды. Президент биылғы вегетациялық кезеңнің өтуі туралы ақпарат алды. Ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету мәселесі үкіметтің тұрақты бақылауында. Қазір өңірлерде суды үнемдейтін технологиялар кеңінен енгізіліп, облыстарда арнайы штабтар жұмыс істеп тұр.
Сондай-ақ, Президентке егін егу науқанының аяқталғаны, енді алдағы жиын-терінге дайындық жұмыстары туралы да баяндалды. Биыл Қазақстан бойынша жалпы егістік аумағы 23,7 миллион гектарға жетті. Жыл басынан бері ауыл, орман және балық шаруашылығындағы өнім көлемі 4 пайызға өскен. Әрі бұл бағыттағы өсім елдің барлық өңірінде байқалып отыр.
Сонымен бірге, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық саласын жаңғырту, цифрлық трансформациялау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да сөз болды.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы экономиканы одан әрі жетілдіруге, өңірлерді дамытуға және елге қосымша инвестиция тартуға қатысты бірқатар тапсырма берді.