Ермек Көшербаев Қапшағайдың жағалауын аралап, туристердің қалтасын қаққан қымбатшылықтың себебін анықтауды тапсырды. Вице-премьер коммуналдық жағажайлардың қызметі халыққа қолжетімді болуы тиіс деп отыр деп жазады Ertenmedia.
Көшербаев сапар барысында демалыс нысандарын, инфрақұрылым сапасын, тазалық жағдайын, сондай-ақ шұғыл қызметтердің дайындығын өз көзімен көріп шықты.
Туристер ағылатын аумақтың келбеті мен жай-күйіне көңілі толмаған вице-премьер, аймақ әкімдігіне солтүстік жағажайға апаратын жолды күзге дейін аяқтауды жүктеді.
Кәсіпкерлер электр қуатының жетіспеушілігі мен орталықтандырылған кәріз жүйесінің жоқтығына шағымданды. Инженерлік желілер де жүктемеге шыдамай, сыр беріп жатқаны айтылды.
Қапшағай ішкі туризмнің көрігін қыздырып тұрған мекеннің бірі. Жарты жылдың өзінде мұнда 860 мыңнан астам демалушы келген. Десе де, бағаның бетімен кетуі мен инфрақұрылымның сын көтермеуі туризмді дамыту туралы бастамаға тұсау болып тұр.
Ермек Көшербаев жағажайлардағы құтқару бекеттерінің талапқа сай болуын қатаң бақылауға алып, ТЖМ-ға профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Инженерлік және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтердің жазғы маусымға әзірлігі де пысықталды.
Министрлік өкілдері туристік аймақтарды арнайы зоналарға бөлуді ұсынды. Мұндай жүйе табиғат қорғау аумақтарын, инфрақұрылым алаңдарын және демалыс аймақтарын нақты белгілеп, басқаруды оңтайландырады. Осы арқылы инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, экологиялық тепе-теңдік те сақталмақ.
Көшербаев Балқаш көлінің деңгейі тұрақты болғанымен, Қапшағай мен Алакөлде су деңгейінің жиі өзгеріп отыратынын еске салды.
Мұндайда жағалау сызығының қозғалысын мұқият бақылап, жаңа нысандарды салу кезінде ғылыми және инженерлік қолдау қажет деп санайды.
«Коммуналдық жағажайлар тазалық пен қызмет сапасының эталонына айналуы тиіс. Бейберекет сауда, көлеңкелі табыс дегенге жол жоқ.
Түбіртек берілуі, терминалдың болуы, салық органдарында тіркелуі міндетті талап. Халықты бала кезінен заң мен тәртіпке үйрету керек. Биліктің міндеті кемшілікті жою ғана емес, демалыс орындарын жүйелі ретке келтіру.
Туризм елдің бет-бейнесі. Алакөл, Қапшағай, Балқаш сияқты табиғи аймақтарда құрылыс жүргізгенде жағалаудың қозғалысын ескеріп, қорғау аумақтарын белгілеп, жергілікті халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Мұның бәріне әкімдіктер жауапты», – деді вице-премьер.
Аймақтағы туристік нысандар толық араланған соң, облыс әкімдері мен мемлекеттік органдардың басшыларының қатысуымен кеңейтілген жиын өтіп, әрі қарай атқарылар жұмыстар айқындалмақ.
Бұған дейін Алакөл жағалауындағы жағдай туристердің наразылығын тудырып, президент Тоқаев елдегі туризмнің ахуалын жақсартуды Үкіметке шұғыл тапсырған болатын.