Астанада Перизат Қайраттың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр.
Айыпталушы тарап күтпеген өтініш жасап, Nur Otan партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті куәгер ретінде тергеуге шақыруды сұрады деп жазады Ertenmedia.
Перизат Қайрат сот барысында Байбектің атын бірнеше мәрте атап, атышулы іске басқа да ықпалды тұлғалардың қатысы бар екенін меңзеді.
«Маған анаммен бірге қор құрып, құрылтайшылардың қолтаңбасын қолдан жасады деген айып тағылды. Бірақ бұл қор партия жанынан, Бауыржан Байбектің жетекшілігі кезінде ашылған. Менен өзге құрылтайшылардың бәрі бұрынғы және қазіргі партия қызметкерлері. Сондықтан алдымен солардың жауабын тыңдау керек», – деді Перизат Қайрат сот залында.
Ол қорға түскен ақшаның жымқырылу ісінде партияның жоғары лауазымды өкілдерінің қандай рөл атқарғанын анықтап алуды сұрауда.
Еске сала кетейік, Бауыржан Байбек 2019 жылдың маусымынан 2022 жылдың қаңтарына дейін Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған. Қазір Кипрде тұрып жатыр дейді.
Бұған дейін сотта мемлекеттік айыптаушы тасқыннан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған ақшаның қайда кеткенін тізбелеп берген.
Тергеу тұжырымы бойынша, жұрт тасқыннан зардап шеккендерге көмектесеміз деп қорға жалпы сомасы 2,8 миллиард теңге аударған. Бірақ оның тек 920,2 миллион теңгесі ғана нақты көмекке жұмсалыпты.
Қалған 1,9 миллиард теңге айыпталушының жеке шығындарына кеткені айтылды.
Айыптаушы тарап сотта қорға түскен ақшаның есебінен сатып алынған дүние-мүліктің тізімін жария етті:
- Rolex қолсағаты – 6,9 млн теңге;
- Akbulak Riviera тұрғын үй кешенінен пәтер – 93 млн теңге, жөндеу жұмыстары – 123 млн теңге;
- Highvill Gold Ishim тұрғын үй кешенінен қолма-қол ақшаға алынған пәтер – 205 млн теңге;
- «Көк Жайлау 3» кешенінен пәтер – 25,5 млн теңге;
- Lexus LX 600 автокөлігі – 80,2 млн теңге;
- Mercedes-Benz S 450 4MATIC автокөлігі – 77,2 млн теңге;
- Тұрақ орны – 6,6 млн теңге;
- Vela Village коттедж қалашығынан жеке үй – 150 млн теңге;
- Haval H6 GT автокөлігі – 13,5 млн теңге;
- Әшекей-бұйымдар мен аксессуарлар – 158,2 млн теңге.
Бұдан бөлек, прокурордың айтуынша, 1 миллиард теңгеден астам қаржы заңдастырылып, айналымға жіберілген.
Перизат Қайраттың өзі тағылған айыпты жоққа шығарып отыр.
«Мен прокурор айтқан айыптауымен мүлдем келіспеймін. Бұл тергеудің қиялынан туған негізсіз мәлімдемелер. Маған тағылған айыпты мойындамаймын. Барлық дерек-дәйектерге сот барысында толық жауап беремін», – деді ол сот залында.