Биыл Ақтөбе облысында тұрғындарды газбен қамту бағытында 18 жоба іске асырылады. Оның ішінде ауыспалы жобалар да, жаңа жобалар да бар. Бұл іске бюджеттен 9,8 миллиард теңге бөлінген. Ал нәтижесінде жалпы саны 12,1 мың адам тұратын 27 ауылға газ тартылмақ,- деп хабарлайды Ertenmedia
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазір облыстағы 319 елді мекеннің 172-і немесе 53,9 пайызы газдандырылған. Дегенмен осы елді мекендерде облыс тұрғындарының 95,6 пайызы тұратынын ескерсек, бұл жақсы көрсеткіш екені сөзсіз. Облыста 887,2 мың адам көгілдір отынмен қамтылған.
Ал ауызсумен қамту көрсеткіші — 91,2 пайыз, яғни 291 елді мекен қамтылған. Осы елді мекендерде облыс халқының 99,2 пайызы тұрады. Өткен жылы жалпы саны 2385 адам тұратын 5 ауылға орталықтандырылған ауызсу жүйесі жүргізілді.
Қазір таза ауызсумен қамтылмаған 28 ауыл қалып отыр. Оның ішінде 10 ауылға орталық су жүйесі жүргізіліп жатыр. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша ауызсуға қолжетімділік көрсеткішін 99,9 пайызға жеткізу көзделген.
Жиында сондай-ақ алдағы жылыту маусымына дайындық, Ақтөбе жылу-электр орталығындағы жөндеу жұмыстары, тұрғын үй қорын жаңғырту, т.б. мәселелер де қозғалды.