Астанада «Тәуелсіздік жылнамасы» атты фотокөрме ашылды. Ertenmedia мәліметінше, көрме елдің егемендік алған сәтінен бергі даму жолына арналғанымен, экспозицияның бас кейіпкері елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев болып отыр.
Фотокөрме Тұңғыш президент кітапханасында орналасқан, яғни Назарбаевтың кеңсесімен бір ғимаратта тұр.
Экспозицияда мемлекеттің қазіргі келбетіне негіз болған саяси, экономикалық, әлеуметтік өзгерістердің негізгі кезеңі қамтылған. Бір қызығы, көрме көпшілікке кеңінен жария етілмеген, сондықтан бұл туралы білетін адам аз. Дегенмен экспозицияны кез келген адам тегін тамашалай алады.
Жобаны El Umiti корпоративтік қоры мен Қазақстанның белгілі фотографтары бірлесіп жүзеге асырған. Экспозицияға Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік кезеңінен бастап, халықаралық бастамалары мен аймақтық деңгейдегі маңызды шешімдері бейнеленген суреттер қойылған.
Фотокөрме бірнеше кезеңге жоспарланған. Қазір мұнда салыстырмалы түрде жаңа суреттер ұсынылған, олардың басым бөлігі шамамен он жыл бұрын түсірілген.

Арасында Назарбаевтың Жапония парламентінде сөз сөйлеген сәті, ғарышкер Айдын Айымбетовпен кездесуі, жаңа жылдық шыршаны жағуы және 2019 жылдың көктемінде президенттік қызметінен кетуі секілді маңызды сәттер бар.

