Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов 30 шілдеде Алматы облысындағы іздеу жұмысы жүріп жатқан аумаққа барып, із-түзсіз кеткен тікұшақ экипажының жақындарымен кездесті. Ол жоғалған сарбаздарды толық тапқанша іздеу жалғасатынын жеткізді деп жазады Ertenmedia.
«Қанша уақыт қажет болса, сонша іздейміз. Трагедияның себебін толық анықтап, жігіттерді тапқанға дейін жұмысты тоқтатпаймыз. Қазір жақындарыңызға барлық қолдауды көрсетіп отырмыз. Сіздермен күн сайын байланыстамыз», – деді министр экипаж мүшелерінің туыстарымен әңгімесінде.
Әуе қорғаныс күштерінің қолбасшысы Асқар Ізбасовтың айтуынша, іздеу жұмысына көлдің лайлы табаны, күрделі суасты бедері және нашар көріну жағдайы айтарлықтай кедергі келтіріп отыр.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қазір іздеу жұмысына 400 маман, кинологтар тобы, 70-тен астам арнайы техника, 21 жүзу құралы және оннан астам дрон жұмылдырылған. Бұдан бөлек, іздеу барысында эхолот пен су астын сканерлейтін арнайы техника қолданылуда.
Айта кетейік, Әуе қорғанысы күштеріне тиесілі ЕС-145 тікұшағы 25 шілде күні Сорбұлақ көлі аумағында радардан жоғалып кеткен. Қазіргі сәтке дейін әуе кемесінің тек бірқатар сынығы ғана табылды. Экипаж мүшелерінің тағдыры белгісіз күйде қалып отыр.