Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ғасыр» мешітінде қызға қырындап, ерсі ұсыныс айтқан ер адам бес тәулікке қамалды. Бұл туралы жәбірленуші Еммануэлла Наурызбаева мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.
23 жастағы Еммануэлланың айтуынша, істі қараған сот отырысы 29 шілдеде өткен. Тергеу барысында күдіктінің бұған дейін де жауапқа тартылғаны белгілі болды.
Ол бұзақылық жасап, 2025 жылдың қаңтар айында осы мешітте басқа бір адамға тиіскен.
«Қазір сот шешімімен арнайы сараптама тағайындалды. Егер күдіктінің психикалық ауруға шалдыққаны расталса, оны мәжбүрлеп емдеуге жіберуі мүмкін. Ал анықтамасы жалған болса, медициналық құжатты қолдан жасағаны үшін үстінен қылмыстық іс қозғалады», – дейді Наурызбаева.
Сонымен бірге жәбірленуші әлеуметтік желіде өзіне тіл тигізіп, жала жауып, видеосын түсіріп таратқан адамдардың үстінен сотқа шағымданатынын мәлімдеді.
«Мен үнсіз қалмаймын. Бұл мәселені ашық айтып отырған себебім осындай жағдайға тап болған әйелдер мен балалардың құқығын қорғағым келеді. Интернет бәрін есте сақтайды. Жалған ақпарат таратып, абыройыма нұқсан келтіргендер жауапқа тартылады. Жақында сотта кездесеміз», – деп мәлімдеді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбедегі мешітте ер адам қызға тиіскені, оған «бір реттік некеге» тұруды ұсынғаны туралы хабарланған еді.
Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде Наурызбаеваға қысым көрсетіліп, тіпті оның үйіне іздеп келгендер болған. Полиция қоғамдық орында мазалаған азаматқа әкімшілік хаттама толтырып, істі сотқа жолдаған.