Жамбыл облысы Талас ауданына қарасты Көктал ауылында ұзақ жыл бойы өгей әкеден қорлық көрген балалардың оқиғасы өңірдегі заң мен тәртіптің ахуалынан хабар бергендей.
Қазір бұған қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды деп жазады Ertenmedia. Контексті айта кетейік…
Осыдан бірнеше күн бұрын малды өріске шығарған үш ағайынды үйге оралмай, ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Анасы полицияға арызданғасын, іздеу салынған балалар Алматыдан табылған. Олар туған әкесі мен аналарының әпкесін паналауға мәжбүр болған. Кейіннен ағайындылар Тараздағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккендерді қабылдайтын орталыққа жеткізілген.
Белгілі болғандай, олар өгей әкесінен 5 жыл бойы зәбір көріп келген. Жасөспірімдерді ұрып-соғып, телефондарын тартып алып, күнделікті мал бағуға мәжбүрлеген.
Үш ұлдың үлкені, 16 жастағы егіздің сыңары колледжге түскенімен, өгей әкесі оның шәкіртақысын түгелдей өз қалтасына басып, баланы оқуға жібермей қойған. Он жасар Ұзақбай төртінші сыныпта оқуы керек болғанымен, қара танымайды, жазу-сызуға қабілетсіз күйде қалған.
Жәбірленушілердің жақындары бұған ауыл әкімі мен жергілікті имамның қатысы бар деп есептейді. Олардың айтуынша, ауыл әкімі Қайрат мырза мен имам әлгі отбасымен жақын араласқан, жағдайдан хабардан болған. Алайда балалардың тағдырына бас қатырмаған.
«Әкім де, имам да олардың басындағы жағдайды анық білді. Бірақ үнсіз қалды. Той-томалақтың ортасында жүретін олар бейбақтардың көз жасын неге көрмеді? Әкім мен имам да заң алдында жауап беруге тиіс», – дейді балалардың туысы.
Сондай-ақ олар тергеушілердің қылмыстық істі жеңілдетіп жібергеніне наразы.
Полиция «ұрып-соғу, ауыр жұмысқа шегу құлдыққа жатпайды, құлдық тек кісен мен бұғауға таңылған жағдайда ғана болады» деп отыр екен.
Қазір балалар Тараздағы дағдарыс орталығында. Туыстары оларға тиісті көмек көрсетілмегенін айтады. Ағайындылардың туған анасы өгей әкелерінің сөзін сөйлеп шығыпты.
Ербол Қарашөкеев жағдай әбден ушығып, ел ішіне тараған соң ғана қозғала бастады. Облыс әкімі арнайы жұмыс тобын құрып, істің мән-жайын анықтауға тапсырма беріпті.
Полиция іске қатысты тергеу жүріп жатқанын жеткізіп, балаларға қорлық көрсеткен өгей әкенің қатаң жазаға тартыларын мәлімдеп отыр. Балалардың өзі туған әкесімен бірге болуды қалайды. Олар ең кенже бауырын жетімдер үйіне беруге қарсы екенін жеткізіп, қоғамнан араша сұрауда.
Осының алдында Erteńmedia «Қарашөкеевтің тұсындағы Тараз 90-шы жылдарға қайта оралып жатқанын» жазған еді.