Қазақстандағы тұңғыш АЭС-те жұмыс істейтін мамандарды Ресейдің «Росатом» корпорациясы дайындамақ.
Компания станцияда жұмыс істейтін 2 мыңға жуық қазақстандық маманға атом энергетикасының қыр-сырын үйретеді деп хабарлайды Ertenmedia.
Ресейлік Техникалық академия ректоры Юрий Селезневтің айтуынша, АЭС мамандарын даярлау жұмысы станция іске қосылмастан бес жыл бұрын басталады.
Жоспар бойынша Қазақстандағы алғашқы АЭС 2035–2036 жылдары пайдалануға берілуі тиіс. Станция толықтай Қазақстан меншігінде болады және оны қазақстандық мамандар басқарады.
«АЭС-те жұмыс істейтін қызметкерлерді даярлауға арналған оқу-жаттығу орталығын да біз жасап береміз. Бұл біздің негізгі жұмыс бағыттарымыздың бірі», – деді Селезнев.
Жалпы, «Росатомның» техникалық академиясы бұған дейін де шетелдік атом станцияларына маман дайындаумен айналысып келген. Қазақстандағы жобада да дәл осы тәсілмен жергілікті мамандарды даярлап, олардың кәсіби біліктілігін көтеруді жоспарлап отыр.
Еске сала кетсек, Қазақстандағы тұңғыш атом электр станциясының құрылысы 8 тамызда басталған еді. Кеше ғана президент Тоқаев алғашқы атом станциясына ерекше атау ойлап табу үшін бүкілхалықтық байқау жариялауды ұсынған болатын.