Шымкентте мектептің бас бұғалтыры жарты миллиардқа жуық қаржы жымқырғаны үшін сотталды деп хабарлайды Ertenmedia.
Шымкенттің мектептерінің бірінде бас есепші қызметін атқарған азаматша бюджет қаржысын талан-таражға салғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот дерегінше, бас бұғалтыр қызметтік мүмкіндігін пайдаланып, мемлекет қазынасынан 451 миллион теңгені жеке мүддесіне жұмсаған.
Қомақты қаржыға қымбат көліктер, пәтер мен жер телімдерін алып, құнды қағаздарға инвестиция салған.
Айыпталушы сот барысында кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізіп, жазасын кейінге қалдыруды сұраған. Дегенмен прокурор есепшінің бұл әрекетіне жеңілдік беруге болмайтынын алға тартып, бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот айыпталушының жас балаларының барын, кінәсін мойындап, шынайы өкінгенін ескеріп, сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім әлі күшіне енген жоқ.
Еске сала кетсек, бұған дейін Атыраудағы мектеп-лицейдің есепшісі де директордың электронды қолтаңбасын заңсыз пайдаланып, 49 млн теңгеден астам бюджет қаржысын қолды еткен болатын.