Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында қысқы спорт түрлері жаңа тыныс алып, қарқынды дами бастады деп жазады Ertenmedia.
Қазір облыста шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы спорты, шайбалы хоккей және допты хоккей бойынша жас спортшылардың жаңа толқыны өсіп келеді. Осы бес спорт түрі өңірдегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің негізгі бағыттарына айналған.
Қазіргі таңда қысқы спорт түрлерінен Ақжайық өңірінде 500-ге жуық бала жаттығады. Атап айтсақ, шорт-тректе 125, допты хоккейде 131, шайбалы хоккейде 96, шаңғы спортында 73, ал мәнерлеп сырғанауда 53 жас өрен бағын сынауда. Бұлардың арасында 3 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 12 ҚР спорт шебері, 21 спорт шеберлігіне кандидат бар.
Бұған қоса, жас буын қатарында бұқаралық және жасөспірімдік разрядтағы спортшылар да жетерлік.
Қысқы спортты кеңінен дамыту мақсатында биыл Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында биатлон бөлімшесі ашылып, бұл спорт түрімен қазірдің өзінде 28 спортшы айналысып жатыр.
Ал бұрын спортшылар жаттығатын Оралдағы жалғыз мұз сарайы көпке дейін таршылық етіп келген еді. Биыл жағдай түзеліп, жекеменшік «Ice House» мұз айдыны пайдалануға берілді.
Бүгінде басқарма кешенді жалға алып, спортшылардың жаттығуына қолайлы жағдай жасаған.
Өңірдің қысқы спорттағы жетістігі көңіл қуантады. Ақжайықтың ақ мұзында шыңдалған шорт-трекшілер халықаралық додаларда топ жарып, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Әсіресе биыл Италияның Турин қаласында өткен XXXII Қысқы Универсиадада Алина Ажғалиева мен Алишер Абдулкатимов ұлттық құрама сапында аралас және ерлер эстафетасынан қола медаль еншіледі. Ал ақпан айында Қытайдың Харбин қаласында өткен IX Қысқы Азия ойындарында Алина Ажғалиева екі бірдей күміс медаль иеленіп, Қазақстан қоржынын толықтырды.
Одан бөлек, Канаданың Калгари қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында да облыс спортшылары құр алақан қайтпады. Әлемдік додада Алина Ажғалиева 1000 және 2000 метрлік микст қашықтықтарында қола, ал әйелдер командасымен бірге 3000 метрлік қашықтықта күміс медаль жеңіп алды.
Ерлер сапындағы Мақсат Уәлиолла болса 3000 метрлік эстафетада қола медальды иеленді.
Қазіргі таңда облыс бойынша қысқы спорт түрлерінен Қазақстан ұлттық құрамасына 86 спортшы енген. Олар келешекте ел намысын олимпиада ойындарында да қорғайды деген үміт зор. Өңірде қазір «Олимпиадалық спорт түрлері клубын» құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Клубқа қабылданатын үздік спортшылар тұрақты түрде жалақы алып, кәсіби деңгейде шыңдалатын болады.
Ақжайық спортының алдына қойған ендігі биік мақсаты 2026 жылы Италияның Милан-Кортина қалаларында өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарында жүлделі орыннан көріну. Осы жолда Алина Ажғалиева, Нұртілек Қажғали, Алишер Абдулкатимов сияқты шорт-трек шеберлеріне және Еділбек Елубаев пен Дамир Қабикесов сынды шаңғышыларға үлкен сенім артылып отыр.
Ақжайықтың ақ мұзы мен қарлы биігін бағындырып жүрген жастардың арманы асқақ, мақсаты айқын. Олар әлемдік аренада жеңіске жетуге әзір, ал өңір басшылығы сол үшін барлық жағдайды жасауға дайын. Ақжайық спортының болашағы жарқын.