Жамбыл облысында өгей әкесінен зорлық көрдік деген жасөспірімдердің оқиғасы елді дүр сілкіндірді. Балалар ұзақ жыл бойы құлдықта болып, ауыр жұмысқа жегілгенін мәлімдеген, деп хабарлайды Ertenmedia.
Алайда алты баланың анасы Назерке мұны толықтай жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, күйеуі Ұзақбайға тағылған айыптың бәрі қып-қызыл жала. Журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында ол туған балаларының сөзін теріске шығарып, күйеуін қорғап шықты.
Назерке Ұзақбаймен 2019 жылдан бері бірге тұрады. Осы уақыт ішінде күйеуінің балаларға зорлық-зомбылық жасағанын көрсем көзім шықсың деп отыр.
«Егер олар расымен бес жыл бойы таяқ жеп, зорлық көрсе, неге ертерек кетіп қалмады?» – дейді Назерке.
Балалардың денесіндегі көгерген із мен намазға мәжбүрлеуге қатысты сұраққа келгенде де күйеуінің балаларға қол көтермегенін алға тартуда. Әйелдің сөзінше, отбасы мүшелері бәрі намазға жығылған. Ұзақбай балаларды ояту үшін тек қамшымен жерді ғана сабалап отырған.
Журналистің «сіз үшін кім қымбат күйеуіңіз бе, әлде балаларыңыз ба?» деген сұрағына Назерке екеуін де бөліп қарамайтынын жеткізді.
Назерке Ұзақбайға тұрмысқа шыққанға дейін алғашқы некесінен үш ұлы болған.
Айта кетейік, бұған дейін әлемжеліде екі жасөспірім денесіндегі ұрып-соғу іздерін көрсеткен видео тараған еді. Олар бес жыл бойы өгей әкеден қорлық көргенін, қамшымен сабалып, сыртқы ортадан оқшауланып, ауыр еңбекке жегілгенін айтқан болатын.
Қазір бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысы Ішкі істер министрінің тікелей бақылауында.
Толығырақ Erteńmedia-ның телеграм арнасынан оқи аласыз.