Алматы облысындағы Есік көліне баратын жолда туристерден заңсыз төлем алынып келгені анықталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, туристерден ақы жинаған «Хабель» ЖШС-нің әрекеті заңға қайшы.
Аталған компания Есік көліне барар жолда қосымша шлагбаум қойып, әрбір туристен 2 мың теңге, жеңіл көліктен 1,5 мың, шағын автобустан 5 мың, орта автобустан 15 мың, ал үлкен автобустан 20 мың теңгеге дейін ақша жинаған.
Ешқандай чек берілмеген.
Оған қоса, Іле-Алатауы ұлттық паркінің ресми экопостында да әр көліктен 1 179 теңге, автобустардан 11 009 теңге алынған.
Алматы облысының әкімдігі «Хабель» ЖШС-не сенімгерлік басқару бойынша берілген аумақта туристерден қосымша ақы жинау туралы ешқандай келісім жоқ екенін ресми мәлімдеді.
Сондықтан компанияға шлагбаумдарды алып тастау және туристерден заңсыз ақша жинауды тоқтату туралы ескерту жолданды.
Қазіргі уақытта, 17 тамыздан бастап шлагбаумдар алынып, жол туристерге қайта ашылды.