Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай республикалық екі ірі телеарнаның жаңа басшыларын таныстырды деп жазады Ertenmedia.
«Белгілі медиаменеджер Ләззат Танысбай «Еуразия» бірінші арнасының бас директоры болып тағайындалды. Бүгін оны телеарна ұжымына таныстырдым», – деп жазды Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол Танысбайдың отандық медиа саласына қосқан елеулі үлесін атап өтті. Соңғы алты жылда тарихи сериалдар мен анимациялық фильмдер өндірісіне ерекше серпін берілгенін айтты.
«Корпорация отандық контентті интернет алаңдарда және шетелде насихаттауда үлкен жетістіктерге жетті», – деді Желдібай.
Осыған дейін «Еуразия» бірінші арнасының бас директоры міндетін 2020 жылдың желтоқсанынан бері Арман Құдайбергенов атқарған. Ал оның алдында 17 жыл бойы бұл қызметті Сергей Киселёв басқарды.
Ал Ләззат Танысбайдың орнына «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшысы болып белгілі журналист Ернұр Бурахан тағайындалды.
44 жастағы Ернұр Бурахан Семей өңірінің тумасы. Бірінші мамандығы тарихшы. Телевизиядағы мансабы 2001 жылдан басталған. Кейіннен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының PR маманы, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облысы әкімдіктерінің баспасөз қызметтерінде еңбек еткен. Соңғы қызметі – Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының жетекшісі.