Жоғары аудиторлық палата ғылым саласына бөлінген бюджет ақшасының қалай жұмсалғанын тексеріп, нәтижесін жариялады деп жазады Ertenmedia.
Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, министрлікке бағынышты ұйым басшылары және мем.органдардың өкілдері қатысты.
Тексеріс нәтижесі көңіл көншітпейді. Ғылым саласына бөлінген қаржы көлемі 219 млрд теңгеге дейін өссе де, зерттеулер мен ғылыми әзірлемелердің сапасы әлі күнге дейін төмен деңгейде қалып отыр.
«Ғылыми жобаларды іске асыруда нақты сектордың, яғни бизнестің сұранысы ескерілмеген. Әзірленген ғылыми өнімдер көбіне іс жүзінде қолдануға жарамайды. Қолданбалы зерттеулерге басымдық беру керек», – дейді Жоғары аудиторлық палатаның өкілдері.
Сонымен қатар, ғылыми зерттеулердің орындалуын бақылау формалды түрде жүргізілген. Қателігі бар жобалар да қаржы алуды жалғастырған.
Ұлттық ғылыми кеңестердің (ҰҒК) жұмысында да өрескел заңсыздықтар тіркелген. Кеңес мүшелері бір уақытта бірнеше жобаға өздері қатысып, мүдде қайшылығын туғызған.
«ҰҒК мүшелері жобаларды қаржыландыру туралы шешім шығарғанда тәуелсіз сарапшылардың бағасын ескермеген. Соның салдарынан заң бұзушылықпен жүзеге асырылған жобалар да қаржы алып отырған. Ғылыми кеңес мүшелерінің осындай қате шешімдері үшін жауапкершілігі мүлдем белгіленбеген», – деп атап өтті аудиторлар.
Ғылыми жобаларға қатысты конкурстардың өткізілуінде де заң бұзушылық көп болған. Кейбір конкурстар 500 күнге дейін кешіктіріліп жарияланған, сараптамалық бағалау да уақытылы жүргізілмеген.
Ғылым қоры қаржыландырған ғылыми жобалардың коммерциялық тиімділігі өте төмен болып шықты.
42 жоба жоспарланған сатылым көлеміне жете алмаған, тағы 8 жоба тіпті өндіріске шығарылмаған.
«Университеттер жанынан ашылған инжинирингтік орталықтар мен технопарктерді құру кезінде қаражат мақсатсыз пайдаланылған, сатып алынған жабдықтардың құны да негізсіз қымбаттатылған», – дейді тексерушілер.
Тексеру қорытындысы бойынша келесі заңсыздықтар анықталды:
- мақсатсыз жұмсалған қаржы – 1,7 млрд теңге;
- бюджетті тиімсіз жоспарлау – 24,2 млрд теңге;
- қаражатты тиімсіз пайдалану – 42,5 млрд теңге.
Жекелеген фактілер бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданады. Ал жалпы анықталған заңсыздықтар мен жүйелі кемшіліктерді жою үшін Үкіметке, Ғылым және жоғары білім министрлігі мен басқа да жауапты мекемелерге нақты тапсырма берілді.