Түркістан қаласындағы «Этноауыл» кешенінде «Жалпы ұлттық құндылық – ел дамуы» жобасы аясында «Ұрпаққа аманат» облыстық форумы өтті. Аталған форум Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асты,- деп хабарлайды Ertenmedia
Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, ұлттық құндылық – ұлттың рухани өзегі екенін айтып, оны сақтау мен жаңғырту – әрбір азаматтың, әсіресе жас ұрпақтың парызы екенін жеткізді.
Іс-шара аясында «Ұлттық құндылық – ұлттың ұлы мұраты» атты облыстық идеялар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жалпы байқауға 51 жоба ұсынылып, оның 17-сі үздік деп танылды. Байқау қорытындысы бойынша 1-орын «Киіз өндіру – ұлттық өндіріс, тұрақты табыс көзі» жобасына бұйырса. 2-орын «Рухани мұраны заманауи үлгіде дәріптеу» жобасына, ал 3-орын «Ұлы Дала жауһарлары» жобасына берілді.
Форум барысында қазақстандық этнодизайнер Тілек Сұлтанның арнайы «Көненің көзі» атты ұлттық киімдер коллекциясы көрермен назарына ұсынылды.
Сондай-ақ форумда Абай еліндегі республикалық «Жеті қазына» байқауының жеңімпазы Ақмарал Асанқызы, айтыскер ақын Біржан Байтуов, «ҚР мәдениет саласының үздігі, қолөнерші Айдарша Мереке, салт-дәстүр танушы эксперт Гүлшат Жаханқызы сынды елге танымал спикерлер маңызды баяндамалар жасады. Олар қазақ қолөнері, ұлттық киімдер, отбасылық тәрбиенің маңызы және той мәдениеті секілді ұрпаққа аманат болатын асыл мұраларды боямасыз жеткізудің маңыздылығын атап өтті.