Әңгіме арнайы экономикалық аймақ «Қорғасқа» тіркеле алмай, қиындыққа ұшыраған «INTERNATIONAL CASTLE» ЖШС туралы деп жазады Ertenmedia.
Компания құрылтайшыларының қатарында Қытайдың ХоЧэн уезіндегі «Цзя Чэн Чжен Чжи» трикотаж фабрикасы бар.
Бас прокуратураның мәліметінше, компания «Қорғас» аумағында «Шеберлер қаласы» атты ірі сауда павильонын салуды жоспарлаған. Алайда аймаққа тіркелу кезінде түрлі бюрократиялық кедергілерге тап болып, нәтижесінде экономикалық аймаққа қатысу мерзімі аяқталған.
Одан бөлек, құрылысқа арналған материалдарды елге әкелу кезінде кедендік рәсімдеу жұмыстары аяқталмай қалған.
Осыған байланысты инвестор экономикалық аймақ қатысушылары тізімінен шығарылып, мемлекеттік кірістер органдары компанияға 1,4 миллиард теңге көлемінде қосымша кедендік төлем есептеген.
Жағдайға Бас прокуратура араласып, мемлекеттік кірістер органдары салған шектеулердің күшін жойған. Нәтижесінде инвестор «Қорғас» аймағында құны 7 миллиард теңге тұратын ауқымды жобаны іске асырған.
Ал инвесторға негізсіз кедергі келтірген мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды.