Петерборға қоныс аударған, әлемжеліде «Русская казашка» есімімен әйгілі блогер Әлия Толстых Ресейде бала-шағасын мектепке орналастыра алмай, әуре-сарсаңға түскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Толстыхтың айтуынша, балаларының құжаттары талапқа сай, заңды тіркеуде болса да, Петербордағы мектеп әкімшілігі оларды бірден қабылдамапты.
Мектеп басшылығы әуелі Ішкі істер министрлігінен Толстыхтың Ресейде заңды тұрып жатқандығы туралы анықтама талап еткен. Тек содан кейін ғана балаларын орыс тілінен емтиханға жіберетінін айтыпты.
«Құжат жағынан мін жоқ. Бірақ мектеп әкімшілігі біздің елде заңды тұрып жатқанымызды дәлелдейтін ІІМ анықтамасын күтіп отыр. Осы анықтама келмейінше балаларымды емтиханға жібермейді. Жағдай қиындап барады. Тамыз айы аяқталды, 1 қыркүйек таяп қалды. Бұл күн оқушы мен ата-ананың ортақ мерекесі емес пе?! Мектеп әкімшілігі балаларымды тіпті салтанатты жиынға қатыстыруға да қарсы болып отыр», – деп түсіндірді Толстых.
Айта кетейік, блогер Әлия Толстых Қазақстанда әлемжеліде резонансты әрі даулы пікірімен танымал. Ол талай мәрте Қазақстанда орыс тілінің өрісі тарылып бара жатқанын айтып шағымданған еді.
Қазақстанда ұлтаралық араздықты қоздырды деген күдікке іліккен ресейшіл блогер Аслан Төлегеновті жақтап, оған араша түскені есімізде.
«Қазақстанда кейбір орталықтарда сабақ тек қазақша жүреді. Тіпті дүкенге кірсең де, сатушылардың біразы орысшаға шорқақ, сұрағыңа жауап берудің орнына, теріс айналады. Осындай жағдайды түсіне алмай-ақ қойдым, мен үшін бұл ақылға сыймайды», – деген-тұғын блогер.
Сонымен қатар ол қазақ тілінің басымдығына қарсы шығып, «орыс тілін қазақтарға бесіктен бастап үйрету қажет» деп мәлімдеме жасап, желі қолданушыларының наразылығын тудырған.
Оның айтуынша, «орыс тілі даму мен ұлтаралық қарым-қатынас тіл», сондықтан «қазақтардың бәрі орысша білуі тиіс».
Қазір сол орыс тіліне ерекше басымдық беруді талап еткен Толстыхтың өзі Ресейде балаларын мектепке орналастыра алмай, тіл мен құжат мәселесі бойынша қиындыққа тап болып отыр.