Шымкентте шығармашылық идеяны тұрақты кәсіпке айналдыруға бағытталған CREATIVE SHIFT жобасы өтіп жатыр. Бір апта бойы жергілікті кәсіпкерлер мен шығармашыл жастар отандық және шетелдік креаторлардан білім алып, өз жобаларын дамыту бойынша кәсіби кеңес алады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Креативті индустрия өнер мен шығармашылықты экономикалық өнімге айналдыратын салаларды біріктіреді. Оның қатарына дизайн, қолөнер, сән, музыка, кино, анимация, сәулет, жарнама және цифрлық контент өндірісі кіреді. Мұнда кәсіпкердің басты капиталы – тың идеясы, кәсіби шеберлігі және зияткерлік еңбегі.
CREATIVE SHIFT бағдарламасы қатысушыларға шығармашылық қабілетпен қатар, кәсіп жүргізу дағдысын қалыптастыруды көздейді. Дәрістерде өнімнің құнын анықтау, жеке бренд қалыптастыру, нысаналы аудиторияны табу, әлеуметтік желіде ілгерілету және инвесторға жоба таныстыру мәселелері қамтылады. Мамандар әр қатысушының бастамасын талдап, оны нарыққа бейімдеуге көмектеседі.
Креативті индустрияларды дамыту корпоративтік қоры басқарма төрағасының орынбасары Алмас Сағынұлы жобаның шығармашылық кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсететінін айтты.
– Бағдарламаға білікті мамандарды жинадық. Олар қатысушылармен білімін бөлісіп, кәсіби дағдысын дамытуға көмектеседі. Ең маңыздысы – кәсіпкер өз жобасының бағытын дұрыс анықтап, шығармашылық еңбегін тұрақты табыс көзіне айналдыру жолын түсінуі керек, – деді Алмас Сағынұлы.
Бағдарламаға қатысушылардың бірі Ақбота Айтбай 15 жылдан бері этностильдегі әшекей бұйымдар жасайды. Оның қолынан шыққан өнімдерге Шымкенттен ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлерінен де тапсырыс түседі. Кәсіпкер ұлттық ою-өрнекті заманауи дизайнмен үйлестіріп, дәстүрлі қолөнерді нарық талабына бейімдеп жүр.
Жуырда Ақбота Айтбай Креативті хабтың қолдауымен Парижде өткен көрмеге қатысып, авторлық бұйымдарын шетелдік аудиторияға ұсынған.
– Париждегі үлкен көрмеде өнімдерімізді таныстырдық. Келушілер ұлттық нақыштағы әшекейлерді жылы қабылдады. Біз үшін халықаралық аудиторияның талғамын түсінуге мүмкіндік берген құнды тәжірибе болды, – деді кәсіпкер Ақбота Айтбай.
Бағдарлама қорытындысында үздік жобалардың авторлары Астанада өтетін финалға жолдама алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







