Жезқазғанда білім саласындағы шенеуніктер бюджет қаржысын талан-таражға салғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы Сафура Түлекова, оның орынбасары және басқарманың бас бухгалтері бюджет қаржысын ірі көлемде жымқырды деп айыпталған еді.
Тергеу нәтижесінде 2022–2023 жылдары білім басқармасының басшысы екі адамды қағаз жүзінде жұмысқа қабылдап, мемлекеттік бюджет есебінен тұрақты түрде заңсыз жалақы төлеп келгені анықталды. Шын мәнінде, ол азаматтар басқармада ешқандай қызмет атқармаған.
Сонымен қатар, басқарма басшысы орынбасары және бас бухгалтерімен бірге қаржылық құжаттарды қайта-қайта өзгертіп, өздеріне және кейбір қызметкерлерге негізсіз сыйақы тағайындап отырған. Басқарманың бас бухгалтері де жалған іссапар құжаттарын жасап, мемлекеттік бюджеттен іссапар және баспана шығындарын өтеген.
Заңсыз әрекеттер тіпті 2023 жылы да жалғасып, сыйақы басқармада мүлдем жұмыс істемеген адамдарға да аударылған.
Жалпы алғанда мемлекетке келтірілген шығын көлемі 93,2 миллион теңге.
Мемлекеттік айыптаушы Сафура Түлекова мен оның сыбайласына нақты мерзім беруді сұрады. Бұрынғы орынбасарына қатысты қылмыстық іс оның қайтыс болуына байланысты тоқтатылғанымен, сот оның кінәсі дәлелденген деп шешті.
Сот отырысында Түлекова тағылған айыптарды мойындамады, ал бас бухгалтер кінәсін ішінара мойындаған.
Істі жан-жақты қараған сот Сафура Түлекова мен бас бухгалтерді кінәлі деп тауып, әрқайсысын 8 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталғандар жазасын қылмыстық-атқару мекемесінде өтейді. Екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан айырылды.
Үкім жарияланған соң, екі сотталушы да сот залында қамауға алынды.