1 қыркүйектен бастап Қазақстанның барлық балабақша, мектеп пен колледждерінде «Жеке қауіпсіздік» атты пән енгізіледі, деп хабарлайды Ertenmedia.
Оқу-ағарту министрлігі хабарлағандай, жаңа сабақ балаларға төтенше жағдайда дұрыс әрекет етуді үйретіп, оларды қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға баулиды.
Бағдарлама жас ерекшелігіне қарай жіктелген.
Балабақша тәрбиеленушілері төтенше қызмет нөмірлерін жаттап, ойын алаңдары мен сауық орталықтарындағы қауіпсіздік ережелерін үйренеді.
Бастауыш сынып оқушыларына бейтаныс адамдармен кездесу, су мен мұздағы қауіпсіздік және қаңғыбас иттерден қорғану тәсілдері түсіндіріледі.
Орта сыныптарға буллинг пен кибербуллингтің мән-жайын ұғындырып, интернеттегі күмәнді әрекеттерден сақ болуды және түрлі қауіп-қатерден бас тартуды үйретеді. Сондай-ақ балалардың өз іс-әрекетіне жауапты болуы қалыптасады.
Жоғары сыныптар мен колледж студенттеріне қаржылық сауат, алаяқтардан қорғану, онлайн ойындардың ықтимал қатерлері, еңбек қауіпсіздігі, құқықтық білім мен өз әрекетіне жауапкершілік жайлы кеңес беріледі.
Жеке қауіпсіздік сабағы аптасына бір рет, сынып сағатының аясында 10 минуттан өткізіліп, жыл ішінде әр тақырып үш мәрте қайталанып отырады.
«Бұған дейінгі тәжірибе осындай дәрістердің балалар бойындағы үрей мен қобалжуды сейілтіп, қиын сәттерде әрі интернеттегі теріс әрекеттерге дұрыс жауап беруді үйрететінін көрсетті», – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Жеке қауіпсіздік сабағы Қазақстан мектептерінде алғаш рет 2024 жылы 1 қыркүйектен бастап енгізілген.
Бастама «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» аясында іске асқан еді.
Пән енгізілгенге дейін үш кезеңдік мониторинг жүргізіліп, педагогтар мен психологтарға арнап полиция, төтенше жағдай қызметі және денсаулық сақтау мамандарының қатысуымен арнайы вебинарлар мен семинарлар өткізілген.