Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары 20 айға созылады, бірақ бұл аралықта медициналық мекеме пациенттерді қабылдауды жалғастыра береді деп хабарлайды Erteńmedia.
Қалалық құрылыс басқармасының мәліметінше, аурухана ғимаратының қазіргі жағдайы сын көтермейді. Ғимараттың инженерлік желілері, сыртқы қасбеті мен тірек конструкциялары тозған.
Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі, желдету жүйесі, гидрооқшаулау және лифтілердің жұмысына қатысты мәселелер бар.
Құрылысшылар жақын күндері аурухана аумағын арнайы қоршаумен жабдықтап, жөндеу жұмыстарын бастамақ. Алғашқы кезеңде жалпы саны 11 блоктың 5-еуі жөндеуден өтеді.
«Қазір аурухана бөлімшелері әртүрлі блоктар мен қабаттарға шашырап орналасқандықтан, пациенттер мен қызметкерлердің қозғалысында қиындық көп. Жаңа жобаға сәйкес бірінші қабат толықтай фронт-офиске айналады. Әкімшілік пен амбулаторлық онкогематология бөлімшесіне бөлек кіру есіктері жасақталады. Бірінші қабатта қабылдау аймағы, рецепшн және клиникалық-диагностикалық орталық орналаспақ.
Ал аурухананың қоймалары мен мұрағаты секілді қосымша бөлмелер цоколь қабатқа көшіріледі. Пациенттер мен қызметкерлердің қозғалысы бір-бірімен қиылыспай, барлығы үшін қолайлы әрі түсінікті орта жасалады», – деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Күрделі жөндеу барысында ғимараттың сейсмикалық беріктігі күшейтіледі, барлық инженерлік желілер ауыстырылып, жаңа қазандық пен трансформаторлар орнатылады.
Сондай-ақ жөндеуден кейін аурухана ауданы қосымша 2,5 мың шаршы метрге кеңейеді.