Қонаев қаласында Конституцияның 30 жылдық мерейтойына орай көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен әлеуметтік осал топтардан шыққан 42 отбасыға жаңа баспананың кілті табысталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жаңа пәтер иелерін қала әкімі Асхат Бердіханов құттықтап, пәтер кілттерін салтанатты жағдайда тапсырды.
«Алдағы жылдары Қонаев қаласында жалпы ауданы 161 мың шаршы метр болатын 72 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Құрылыс қарқыны артқан сайын тұрғын үй кезегі де жылдам жылжып келеді. Облыс орталығы мәртебесін алған уақыттан бері қалада 193 отбасы баспаналы болды, соның 108-і – биыл», – деді әкім.
Бердіхановтың айтуынша, Конституция күніне орай «Қарлығаш» ықшам ауданында көпбалалы отбасылар, жетім балалар және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 18 үй берілді.

Тағы 24 пәтер кезекте тұрған тұрғындарға үлестірілген. Осылайша, жыл соңына дейін Қонаевта баспанаға қол жеткізгендер саны 200 отбасыдан асады.
Жаңа қоныс иелерінің бірі, мүмкіндігі шектеулі екі баланы тәрбиелеп отырған Динара Таурбаева қуанышымен бөлісті:
«Бұл күнді жылдар бойы күттім. Шексіз бақыттымын. Еліміз аман болып, Конституциямыз бірлік пен үмітіміздің символы бола берсін!», – деді ол.
Берілген үйлер кейін сатып алу құқығымен үлестірілген: алғашқы жарна төленгеннен кейін тұрғындар баспананы толық меншігіне рәсімдей алады. Бүгінде Қонаев қаласында тұрғын үй кезегінде 3,8 мың адам тұр. Кезекке тұру үшін «Отбасы банкіне» жүгіну қажет.
Жалпы Конституцияның 30 жылдық мерейтойына орай Алматы облысында халықтың әл-ауқатын жақсартатын бірқатар нақты жобалар іске қосылып жатыр. Өңірде 17 жаңа әлеуметтік нысан пайдалануға берілуде, олардың қатарында 11 мектеп, медициналық пункт, Мәдениет үйі, халыққа қызмет көрсету орталығы, екі өндірістік кәсіпорын және электр желілерінің реконструкциясы бар.

Әсіресе, 300-600 орындық 11 «Жайлы мектептің» ашылуы өңірдегі оқушы орындарының тапшылығын айтарлықтай азайтпақ. Ауылдық жердегі жаңа медициналық пункт тұрғындарға сапалы алғашқы медициналық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ал жаңа Мәдениет үйі халықтың шығармашылық бастамалары мен қоғамдық белсенділігін арттыратын орталыққа айналады.
Сондай-ақ автокомпоненттер шығаратын өндірістік кешен мен логистикалық қойма іске қосылып, тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ұсынбақ.