Abdi дүкеніндегі глобустардан Қазақстанның ұстанымына қайшы келетін өрескел қате анықталды деп хабарлайды Ertenmedia.
Журналист Халима Тәжіқұлдың айтуынша, дүкенде сатылып жатқан глобустарда Ресей басып алған Донецкі, Луганскі және Қырым (Севастополь) аумақтары Украина емес, Кремль территориясы ретінде көрсетілген.
Бұл Қазақстанның ресми позициясына мүлдем сәйкес келмейді.
«Дүкенге оқу құралдарын алуға барған едік, бірақ глобус алар кезде жоспарымыздан бас тарттық.
Себебі мына глобустарда Қырым мен Украинаның шығысындағы басып алынған аумақтар Ресей құрамында тұр. Қазақстан аталған өңірлерді Украина мемлекетінің аумағы деп таниды.
Сонда мұндай тауардың біздің дүкендерде емін-еркін сатылуы қаншалықты заңды?», – дейді журналист.
Әріптесіміз осындай олқылық еліміздегі басқа дүкендерде де болуы мүмкін екенін айтып, құзырлы органдарды дереу тексеріс жүргізуге шақырды.
Ertenmedia анықтамасы:
Қазақстандағы кеңсе және оқу құралдары нарығында аты жиі аталатын Abdi дүкендер желісінің иесі белгілі кәсіпкер Әбдібек Бимендиев.
Компания ресми түрде ABDI Company JSC деген атаумен Алматы қаласында тіркелген. Қазақстан қор биржасының (KASE) деректеріне сүйенсек, компанияның негізін қалаған да, қазір тізгінін ұстап отырған тұлға да Бимендиевтің өзі.
Жиырма жылдан астам тарихы бар Abdi компаниясы оқу құралдары, кеңсе тауарлары мен кітап нарығында Қазақстандағы ең ірі ойыншы саналады. Ел ішінде 25-тен астам дүкен ашқан кәсіпкердің бизнесі бүгінгі таңда Қазақстан аумағынан тысқары жерлерге де таныла бастаған.
Abdi желісі оқу құралдары мен кеңсе тауарларын жеткізудегі мемлекеттік тендерлерге де тұрақты қатысады.
Фото: Халима Тәжіқұлдың әлемжелідегі парақшасынан алынды