Алматыдағы элиталы саналатын «Манхэттен» тұрғын үй кешені қазір қылмыс пен берекесіздіктің ошағына айналып кеткен, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жақында прокуратура, полиция және көші-қон қызметі «Манхэттенде» екі ай бойы ауқымды рейд жүргізіп, мыңға жуық заң бұзушылықты анықтады. Тексеріс барысында әрбір пәтердің иесі, жалға алушылары, қылмыстық өткені және тіпті қару-жарақтың бар-жоғы туралы мәліметтер жинақталды.
Құзырлы органдардың мәліметінше, тексеру нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзудың 120 фактісі, қоғамдық тәртіпті бұзудың 98 жағдайы, заңсыз жалға берілген 114 пәтер, 22 жезөкшелер үйі мен алкогольді заңсыз сататын 7 орын анықталған.
Сонымен қатар, тұрғындар мен келушілердің 567 рет жол ережесін бұзғаны белгілі болды.
«Манхэттеннің» беделі Алматының ең қолайсыз тұрғын үй кешендерінің бірі ретінде бұрыннан белгілі. Тұрғындардың айтуынша, кешен қазір маскүнемдер мен күмәнді тұлғалар жиі жиналатын орынға айналған. Соңғы бірнеше жылда тұрғын үйде кем дегенде алты суицид оқиғасы тіркелген. Тіпті олардың арасында кәмелет жасына толмағандар да бар.
«Балаларымызды аулаға шығаруға қорқамыз. Кіреберістерде бомждар, күмәнді адамдар, есірткі мен алкоголь ішіп отыратын топтар жиі кездеседі. Камералар орнатылғанымен, қауіпсіздік әлі де төмен. Үйдің іші ашық-шашық, бөтен адамдар емін-еркін кіріп-шығып жүр», – дейді тұрғындар.
«Манхэттен» кешені 2010 жылдардың басында Тастақты жаңғырту жобасы ретінде бой көтерген еді. Алғашында элиталық бизнес-класс саналған тұрғын үй бүгінде әлеуметтік «геттоға» айналып үлгерді.
Уәде етілген қымбат архитектураның бүгінгі күйі құлаған плиталар мен қараусыз қалған инфрақұрылым. Тұрақ орнының бағасы бір бөлмелі пәтер құнымен бірдей болғандықтан, тұрғындардың басым бөлігі көлігін көшеге қояды.
«Манхэттенге» көрші орналасқан «Алтын Бұлақ» («Титаник») кешені де бұл маңның әлеуметтік жағдайын ушықтырып тұр. Пәтерлер ұзақ уақыт бос тұрғандықтан, кейін оларды жаппай жалға беріп, нәтижесінде тұрғындардың айтуынша, кешеннің ішінде күмәнді контингент көбейген.
Жергілікті тұрғындар бірнеше мәрте басқарушы компанияны ауыстыруды, ауланы жабдықтауды және қауіпсіздікті күшейтуді талап еткен болатын. Енді ауқымды тексеруден кейін жағдай біршама өзгеруі мүмкін. Дегенмен «Манхэттен» әзірге Алматыдағы қала құрылыс саясатының сәтсіздік символдарының бірі болып қала бермек.