Бұған дейін бірнеше рет аукцион арқылы сатылымға шығарылып, иесін таппаған экс-ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің Астанадағы әйгілі вилласы ақыры мемлекеттік меншікте қалды.
Ertenmedia редакциясының сұрауына жауап берген Білім министрлігі вилланың қазір өз балансында екенін растады. Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұрынғы ҰҚК басшысының резиденциясында енді ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған инклюзивті орталықтың филиалы ашылмақ.
«Елде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны артып келеді. Осыған байланысты арнайы және инклюзивті білім беру ұйымдарының желісін кеңейту туралы шешім қабылданды.
Басты орталық Алматыдағы арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жанынан ашылады. Ал аймақтарда, соның ішінде Астанада филиалдар жұмыс істейтін болады.
Бұл әдіс бірыңғай ғылыми-әдістемелік базаны қалыптастыруға, мамандарға, ата-аналарға және балаларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», – делінген министрлік жауабында.
Жалпы аумағы 2878 шаршы метр болатын, ішінде жеке кинотеатр, бассейн, фитнес залы, диско-бар және ондаған қосымша бөлмелері бар бұл сән-салтанатты үй бірнеше рет сатылымға шығарылғанымен, сатып алушы табылмаған еді.
Тіпті, бастапқы құнының 40%-ға дейін арзандағанына қарамастан, ғимаратты сатып алуға ешкім ниет білдірмеген.
Бұған дейін де вилланы әлеуметтік мақсатта жергілікті әкімдіктің қарамағына беру туралы шешім шыққанымен, ол жүзеге аспай қалған болатын. Енді осы жолғы талпыныс нәтижелі аяқталып, бұрынғы шенеуніктің резиденциясы мемлекет меншігіне толық өтті.