Астанада атышулы блогер Ерболат Жанәбіловке қатысты сот процесі басталды. Оған заңсыз лотерея ұйымдастырды деген айып тағылған, деп хабарлайды Ertenmedia.
Алғашқы отырыстың өзінде-ақ блогер сатқан «оқыту курстарының» мән-мағынасы жоқ екені анықталды.
Құмар ойындар мен лотереяны реттеу комитетінің өкілі Жанабылов ұсынған 30 мың теңгелік курсты сатып алып, зерттегенін және оның ешқандай практикалық пайдасы жоқ екенін мәлімдеді.
Тергеу мәліметінше, блогер Instagram желісіндегі 8,4 млн оқырманы бар аккаунтында әрқайсысы 30 мың теңгеден тұратын «оқыту курстарын» сатумен айналысқан. Курсты сатып алғандар арасында қымбат автокөліктер мен ақшалай сыйлықтар ұтысқа қойылған. Жеңімпаздарды арнайы «сәттілік барабаны» арқылы анықтаған бұл әдіс комитет мамандарының пайымдауынша, лотереяға жатады.
Сотта блогер Ерболат Жанәбілов өзін ақтап, жұбайы екеуі әлеуметтік желіде тек оқыту курстарын сатқанын, ал құнды сыйлықтар осы курсты сатып алғандар арасында ғана емес, сонымен бірге Reels видеоларын репост жасағандар арасында да ойнатылғанын айтты.
Жалпы, блогердің айтуынша, құны 30 мың теңгелік оқыту курстарын шамамен алты мыңға жуық адам сатып алған.
Блогердің қорғаушысы Олег Чернов сотта істің тергелу барысында бірқатар заң бұзушылыққа жол берілгенін айтты. Оның сөзінше, Жанәбіловке түсініктеме беру құқығы берілмеген, қазақ тіліндегі материалдарды аудару үшін аудармашы ұсынылмаған және хаттамамен танысуға мүмкіндік болмаған.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі мен Құмар ойындар мен лотереяны реттеу комитеті Ерболат Жанәбілов пен оның жұбайы Эльмира Төлегенованың қызметін тексеруді бастаған еді.
Келесі сот отырысы 15 қыркүйекте өтеді.