Қазақстан садақ атудан әлем чемпионатында 32 жылдан кейін тарихи жүлдеге қол жеткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Instagram парақшасында мәлімдеді. Министр Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары мен жаттықтырушылар құрамын әлемдік додадағы табысты нәтижемен құттықтады.
Жаһандық бәсекеде Аделя Жексенбинова, Виктория Лян және Роксана Юнусова ел намысын абыроймен қорғап, мергендік шеберлігі мен мінезін көрсетті. Осы жетістік арқылы Қазақстан садақ ату спортынан ұзақ үзілістен кейін қайтадан әлем чемпионатының жүлдесіне қол жеткізді.
Ербол Мырзабосынов өз жазбасында Мемлекет басшысының тапсырмасымен елде спорт саласын жаңғырту жұмысы жүріп жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, қолға алынған өзгерістер саланың тиімділігін күшейтіп, жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге бағытталған. Қазір отандық спорт жаңа қарқынмен дамып келеді.
Министр садақ ату федерациясының президенті Азамат Үсімбеков пен бас хатшы Есет Байтасовтың еңбегіне де тоқталды. Оның сөзінше, осы басшылық кезеңінде Қазақстанда садақ атумен 7 мыңнан астам спортшы айналысады, ал спорт түрі елдің 15 өңірінде белсенді дамып жатыр.
Аталған нәтиже Қазақстанда садақ ату спортының мықты іргетасы қалыптасқанын көрсетті. Сондай-ақ ұлттық құраманың халықаралық аренада жаңа белестерге көтерілуге әлеуеті бар екенін аңғартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







