2025 жылғы 8 қыркүйекте Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясының І сессиясы өтті. Шарада қоғамдағы келісім мен этносаралық ынтымақтастықты нығайтуға қатысты өзекті мәселелер қаралды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға мемлекеттік органдар өкілдері, этномәдени бірлестіктер жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен жастар қатысты. Сессия барысында аудан әкімі, аудандық ҚХА төрағасы Талғат Ескендірұлы Байеділов Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың аудан деңгейінде қалай орындалып жатқанын баяндады.
Басқосуда Ассамблея мүшелері де өз бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Сағатқызы Жошыбаева, аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Талғат Смағұлұлы Мұқашев, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің өкілі Зоя Кайсаровна Магамадова, аудандық орыс этномәдени бірлестігінің төрайымы Ирина Николаевна Таркова және Ассамблея жастарының мүшесі Мурат Яшаевич Нажипов өз бастамалары мен жобалары туралы айтты.
Кездесу аясында қоғамдық келісімді сақтау, бірлікті күшейту, жастардың белсенділігін арттыру және этномәдени бірлестіктердің жұмысын қолдау мәселелері талқыланды. Қатысушылар аудан көлемінде өзара түсіністікке негізделген жұмыстарды жалғастырып, ортақ бастамаларды күшейту қажет екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







