Қазақстанда валюта бағамын көрсететін сыртқы электронды таблоларға қойылған тыйым жаңа емес, ол 2025 жылғы 9 қыркүйектен бері күшінде, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық банк басқармасының 2025 жылғы 23 маусымдағы №34 қаулысына сай, айырбастау бағамы жазылған ақпараттық стенд енді айырбастау пунктінің сыртында орналаспауға тиіс.
Жаңа талап бойынша бағам көрсеткіші тек айырбастау пунктінің ішінде немесе касса маңында тұрады. Оны ғимараттың қасбетіне, төбесіне, сыртқы қабырғасына, көшедегі стационарлық не жылжымалы тірекке ілуге болмайды. Ақпарат сырттан көзге анық көрініп тұрмауы керек.
Тек бірнеше орынға ғана жеңілдік берілген. Атап айтқанда, көпфункциялы ғимараттардағы, соның ішінде бизнес орталықтарындағы айырбастау пункттері, теміржол вокзалдары, казино, халықаралық әуежай ішіндегі пункттер және мемлекеттік шекарадағы автомобиль, теңіз, өзен өткізу бекеттеріндегі нүктелер осы талаптан тыс қалады. Автоматты айырбастау пункттерінде бағамды монитордан көрсетуге рұқсат бар.
Ұлттық банк бұл шешімді жол бойындағы қауіпсіздікпен және ақпараттың қазір онлайн да қолжетімді болуымен байланыстырған. Реттеушінің ұстанымынша, сыртқы таблолар кей жағдайда жүргізушіге кедергі келтіріп, артық визуалдық жүктеме туғызады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







