Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2022 жылдың басынан бері пайдаланбай жатқан және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзып берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары аясында «AMANAT» партиясының жанынан құрылған аймақтық «Жер аманаты» комиссиясы қарқынды жұмыс атқарып келеді.
Жалпы «AMANAT» партиясының «Жер аманаты» комиссиясы атқарған жұмыс аясында Батыс Қазақстан облысында 2022 жылдан бері 468 134 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Соның ішінде мемлекет меншігіне қайтарылған жердің 97206 гектары кері пайдалануға берілді. Атап өту керек, бұл жерлер ауыл маңындағы жерлер, ауыл халқының сұранысына орай қайтарылған жердің көпшілігі жайылымдық мақсатта ауыл халқына беріліп отыр. Себебі бүгінгі таңдағы аудан және ауыл-аймақтағы сұраныс осындай болып отыр.
– Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Шыңғырлау ауданында 400-ге жуық шаруа қожалықтары бар. Жер комиссиясы арқылы пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде жоспарланған 5000 гектардың орнына биылғы жылы 8200 гектар жер қайтарылды. Қайтарылған жерлер кері айналымға енгізіліп, мал азығы сапасын жақсарту мақсатында 1 жылдық және көп жылдық шөптерді егу мақсатына пайдалануға берілуде, – деп атап өтті Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев.
Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Ақтау ауылында пайдаланбай мемлекетке қайтарылған 600 га ауыл шаруашылық жер учаскесін аудандық «Жер аманаты» комиссиясы ұсынысы бойынша, «Аманай» шаруа қожалығына пайдалануға берілді. Көп уақыттан бері мал шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіп иесі шабындық және жайылымдық жердің аздық етуінен конкурсқа қатысып, мемлекет меншігіне қайтарылған жерді пайдалануға алған.
– Осы мал шаруашылығымен айналысатындар жақсы біледі, бұл кәсіпте ең бастысы жайылымдық жердің жақсы болуы, сонымен қатар шабындық жер болса, кәсібің алға басады. Қазір осы бағдарламамен жер алып, шөпті шабуға арналған техника алып, өзіміз шауып, қысқа азық дайындап, биылғы маусымды аяқтадық. Сиыр сүтін сауып, өнімін ауыл тұрғындарына жеткізіп келеміз. Кәсібімізді дамытуға, кеңейтуге мүмкіндік берген «Жер аманаты» жобасына алғысымызды білдіреміз. Осы жоба мүмкіндіктерін жастар да пайдаланса дегім келеді, себебі ата кәсіпті дамыту, қолға алу жастардың қолында, – деді Сағатжан Оразов.
Зарина КАИРОВА, «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының баспасөз хатшысы