Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі Солтүстік Арал теңізіндегі су көлемінің болжамнан жоғары көрсеткішке жеткенін хабарлады деп хабарлайды Ertenmedia.
Соңғы мәлімет бойынша, 2023 жылдан бері теңізге шамамен 5 миллиард текше метр су құйылып, жалпы су қоры 24,1 миллиард текше метрге жеткен. Бұл көрсеткіш 2025 жылға жоспарланған 20,6 миллиард текше метр межесінен асып түсті. Мамандар мұндай көлем тек 2029 жылға қарай жиналады деп күткен еді.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Дүниежүзілік банк грантының көмегімен Көкарал бөгетін екі метрге көтеру және жаңа гидротехникалық құрылыстарды салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатқанын атап өтті.
«Жобаның негізгі мақсаты Солтүстік Арал теңізіндегі су көлемі мен сапасын арттыру, Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру, теңіз түбінен тұздың таралуын тежеу және Қызылорда өңірінде балық шаруашылығын дамыту арқылы жергілікті халықтың тұрмысын жақсарту», – деді министр.
Вице-министр Нұрлан Алдамжаров бастаманың екінші кезеңінде Солтүстік Арал теңізінің көлемін 35 текше шақырымға жеткізу жоспарланғанын айтты. Осы мақсатқа жету үшін өңірдегі мемлекеттер Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанмен су дипломатиясы аясындағы тығыз ынтымақтастық қажет екенін ескертті.
Министрлік өкілі Мөлдір Абдуалиеваның айтуынша, мұның негізінде «су дипломатиясы, тиімді ресурс бөлінісі және үнемдеу саясаты» жатыр.
Су деңгейінің көтерілуіне байланысты теңіз ауданы да кеңейген. 2025 жылдың ақпан айындағы есеп бойынша, Солтүстік Аралдың ауданы 3065 шаршы шақырымға жеткен.
Бұл соңғы үш жылдағы көрсеткіштен 111 шаршы шақырымға артық. Су көлемінің артуы тұздылық деңгейін төмендетіп, экожүйеге 22 балық түрінің қайта оралуына мүмкіндік берді. Қазір жылына шамамен 8000 тонна балық ауланып, жергілікті тұрғындар жаңа экономикалық мүмкіндікке ие болып отыр.
Сонымен қатар, Қазақстан суды үнемдеу технологияларын енгізетін фермерлерге субсидия көлемін 50%-дан 80%-ға арттырды. Шараның мақсаты ауыл шаруашылығын дамыта отырып, суды тиімді пайдалану.
Солтүстік Арал теңізі (Кіші Арал) 1987 жылы Арал теңізінің жаппай тартылуы кезінде пайда болған. 2012 жылы ол Сырдария өзені атырауымен бірге халықаралық маңызы бар Рамсар сулы-батпақты аймақтар тізіміне енгізілді.
2024 жылы Қазақстан Аралды құтқару халықаралық қорының (IFAS) төрағалығын қабылдап, өңірлік су ынтымақтастығы мен экожүйені қалпына келтіру жұмыстарында көшбасшы рөлін күшейте түсті.