Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Әбдіровке қатысты Алматы әуежайында болған даулы оқиға бойынша сот шешімі шықты.
Суд прокурордың әрекетінен ешқандай заңбұзушылық таппаған деп хабарлайды Ertenmedia «Ақ Жайық» басылымына сілтеп.
Бұған дейін Әбдіров Алматы әуежайында мас күйде жанжал шығарып, өзгелерді балағаттады деген ақпарат тараған еді.
Осыған орай Маңғыстау облысының прокуратурасы қызметтік тексеру жүргізген болатын.
Прокурор Әбдіров айыптарды жоққа шығарып, «менің кім екенімді білген соң әдейі дау шығарды» деп мәлімдеген еді.
Соттың анықтауынша, прокурор Алматы әуежайында екі жігітпен танысқан, олар да Ақтаудың тумалары екен. Кейін жолаушыларды ұшаққа жеткізетін автобус ішінде түсініспеушілік туындаған көрінеді. Сол кезде әуежай полициясының қызметкері Әбдіровке әкімшілік хаттама толтырған.
Бірақ әлгі екі азамат сотта прокурормен ешқандай жанжал болмағанын және оған қоятын кінәлары жоқ екенін айтқан.
Сондай-ақ сот автобус қоғамдық орынға жатпайтынын ескерді. Сараптама Әбдіровтің оқиға кезінде есі дұрыс, ақыл-есі толық, сөзі анық, әрекеті нақты болғанын растаған.
Осы деректерді ескеріп, сот Әбдіровке қатысты істі әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ деген себеппен тоқтатты.