Талдықорғанда жекеменшік балабақшада балаларға жәндік араласқан тамақ бергені белгілі болды деп хабарлайды Ertenmedia КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Балаларының жейтін асына алаңдаған ата-аналар балабақша асханасынан тарақан араласқан тоқаш, ботқадағы құрт пен нан бетіндегі ұсақ шыбын-шіркейлерді видеоға түсірген.
Сондай-ақ ас бөлмесіндегі қабырғалар көгеріп, еден лас, азық-түліктің бетімен жәндіктер жүретінін дәлелдеп көрсеткен.
Оның үстіне, ата-аналар балалардың тамағы өте аз мөлшерде берілетінін де айтып шағымданған. Осыдан кейін санитарлық қызмет өкілдері жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Талдықорған қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Нұрмұхамбет балабақшада санитарлық талаптардың өрескел бұзылғанын растады. Тексеру аяқталып, жауаптыларға шара қолданылатынын жеткізді.