Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтап, осы мерекенің маңызына тоқталды деп жазады Ertenmedia.
Мемлекет басшысы отбасы ұғымы халқымыз үшін қастерлі әрі қасиетті екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, отбасы – тұлғаның тәрбиесі қалыптасып, алғашқы патриоттық сезімі мен еңбекқорлық қасиеті оянатын орта.
«Бұл ерекше мереке халқымызды мейірімділік пен қамқорлыққа, бірлік пен өзара көмекке үндейді. Біздің қоғам осы құндылықтарды бағалай отырып, оларды барынша қорғап, дәріптеп, нығайтуға тиіс. Қазақ халқының байырғы салт-дәстүрлері мен қазіргі заманауи өмірдің үйлесімі арқылы отбасы құндылығын насихаттау бәріміздің ортақ міндетіміз», – деді Президент.
Сондай-ақ, Тоқаев ата-ананың отбасындағы орны ерекше екенін тілге тиек етті. Ол қазақ халқы үшін шаңырақтың ұйытқысы болған аналардың еңбегіне және әкелердің балаға берер өнегесіне ерекше тоқталды.
«Аналардың аялы алақаны, әкелердің адал еңбегі мен ерлікке толы өмір жолы ұрпаққа үлгі. Отбасындағы татулық – еліміздің баянды дамуының кепілі әрі Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты. Сондықтан мемлекет отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ана мен баланы құқықтық тұрғыдан қорғауға баса көңіл бөледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөз соңында әрбір отбасыға бақыт пен береке, ел азаматтарына зор денсаулық және табыс тіледі.