Түркістан қаласында халықаралық стандартқа сай жаңа «Ескек есу» арнасы ашылды. Жаңа нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында бой көтерді. Түркістан облысында қазір 112 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Демек, өңірде спортты дамыту ісі жеке-жеке шарамен шектелмей, жүйелі бағытқа айналған. «Ескек есу» арнасының іске қосылуы да сол жұмыстың ең ірі нәтижесінің бірі саналады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Арнаның ашылуына орай Түркістанда «Turkistan Water Fest & Sky Lights» атты ірі мәдени-спорттық шара өтті. Салтанатқа Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Есу спорты түрлері бойынша «Қайық» федерациясының президенті Асланбек Мерғалиев, Байдарка мен каноэде есу халықаралық федерациясының президенті Томас Кониецко және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Қонақтар жаңа спорт нысанының іске қосылуын өңір спорты үшін маңызды кезең деп бағалады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде Түркістанда алғаш рет халықаралық талапқа сай келетін ескек есу каналы ашылып отырғанын айтты. Оның пікірінше, тарихи шаһар енді рухани орталық қана емес, білім, мәдениет және спортты тоғыстырған заманауи кеңістікке айналуы керек.
Әкім жаңа арна ірі халықаралық жарыстар өткізуге, шетелдік спортшылардың жыл бойы оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыруға және өңірдің туристік тартымын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ ол жастарды тұрақты түрде спортпен айналысуға шақырып, осы орталықтан болашақ Олимпиада чемпиондары шығатынына сенім білдірді.
Ашылу күні халықаралық деңгейдегі тағы бір маңызды қадам жасалды. Байдарка мен каноэде есу халықаралық федерациясының президенті Томас Кониецко мен Қазақстанның «Қайық» федерациясының президенті Асланбек Мерғалиев екіжақты меморандумға қол қойды. Соның негізінде Орталық Азия елдері арасындағы алғашқы өңірлік хаб құрылмақ. Мұндай шешім Түркістанды есу спорты бойынша тек ұлттық емес, аймақтық орталыққа айналдыруға жол ашады.
Жаңа арнада бір мезетте 500-ге жуық спортшы тұрақты түрде жаттыға алады. Мұнда байдарка мен каноэде есу, академиялық есу, триатлон, параканоэ және ашық суда жүзу бағыттары қамтылады. Түркістан облысының ескек есушілері осыған дейін ел абыройын жақсы көтеріп жүр. Олар Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарында 1800-ден астам медаль иеленген.
Оның ішінде 406 алтын, 730 күміс, 676 қола бар. Әлем және Азия чемпионаттарында 184 медаль жеңіп алған. Оның 58-і алтын, 84-і күміс, 42-сі қола. Олимпиада ойындарына 9 лицензия алынған. Енді осындай нәтижені жаңа инфрақұрылым одан әрі күшейтуі тиіс.
Контекст
Мерекелік бағдарлама да ауқымды өтті. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония концерт ұсынды. Кешті Динара Сәтжан, Еркебұлан Мырзабек, Марат Оралғазин жүргізді. Сахнада Мұқасан Шахзадаев, Мархаба Сәби, Калифарния, Ақсұңқар, DJ Macarello, Түркістан музыкалық театрының бишілері, «Таңба» этно тобы мен «Самғау» би ансамблі өнер көрсетті.
Қалада мың бұралған бишілер, аниматорлар мен цирк әртістері жүріп, келушілерге ерекше көңіл күй сыйлады. «Taiqazan» ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, қолөнершілер көрмесі, әуе шарлары шоуы, фотозоналар, шеберлік сабақтары, су үстіндегі қойылымдар, флайборд шоуы, лазер мен субұрқақ бағдарламасы және отшашу ұйымдастырылды.
Осы күні облыс әкімі арнаның жаттығу залын аралап, қолөнершілер көрмесі мен «Taiqazan» гастрофестивалін де көрді. Жалпы өңірде спорт инфрақұрылымын кеңейту жұмысы қатар жүріп жатыр. Биыл 102 спорт нысаны пайдалануға берілген. Келесі жылы тағы 10 нысанды іске қосу жоспарланған. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған 22 бейімделген спорт секциясы ашылған.
Түркістанда қазір «Түркістан арена» стадионы, халықаралық теннис орталығы, Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені жұмыс істейді. Қысқы спортты дамыту үшін «Мұз сарайы» да ашылған. Соның арқасында облыс тарихында алғаш рет шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау және шорт-трекпен 400-ден астам жасөспірім шұғылданып жүр. Оған қоса, қалада атшабар кешенінің құрылысы жалғасып жатыр. Сол нысан ұлттық спорт пен ат мәдениетін дамытуға серпін бермек.
Түркістандағы жаңа «Ескек есу» арнасы осылайша бір спорт нысаны ретінде ғана емес, өңірдің халықаралық беделін арттыратын, туризм мен жастар спортына жаңа мүмкіндік ашатын ірі жоба ретінде іске қосылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







