Енді жүргізушілер сапасыз жолдарға ақша төлемейді, деп хабарлайды Ertenmedia.
15 қыркүйектен бастап республикалық маңызы бар ақылы жолдарды пайдалану тәртібі өзгерді. Жол бетінде қозғалысқа қауіп төндіретін ақаулар анықталса, сол бөлігіне төлем жасалмайды. Жаңа ереже биыл мамырда Индустрия және көлік министрлігінің ұсынысымен бекітілген.
Елде жалпы саны 27 ақылы трасса бар. Жүз шақырымдық жолдың бес шақырымы бүлінсе, жүргізуші тек ақауы жоқ 95 шақырымға ғана ақша төлейді. Жолда ақау анықталған бойда төлем жүйесі автоматты түрде тоқтайды да, жөндеу аяқталған соң қайта қосылады.
Жолдардың жағдайын тұрақты түрде ұлттық оператор тексереді. Бұған қоса, ақаулар мен ой-шұқырлар туралы жүргізушілердің өздері де тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 нөміріне хабарласа алады. Шағым шұғыл қаралып, қайта есептеу немесе төлемді қайтару ұзақ әуре-сарсаңсыз шешіледі.
Министрлік республикалық және халықаралық маңызы бар барлық ақылы жолдарға осы талаптың бірдей қолданылатынын атап өтті.
«Жолдың қай тұсына төлем алынбайтынын жүргізуші ұлттық оператордың байланыс орталығының 1403 нөміріне хабарласып біле алады немесе көлігінің мемлекеттік нөмірі арқылы дербес тексеруіне болады», – дейді министрлік өкілдері.
Осыған дейін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басшысы Дархан Иманашев былтыр ақылы жолдардан ел қазынасына 48 миллиард теңге түскенін айтқан еді.
Компания бұл көрсеткішті биыл екі есеге арттырып, 100 миллиардқа жеткізуді көздеп отыр. Жиналатын қаражаттың 60 миллиард теңгесі жолдарды тазалау, ағымдағы жөндеу мен жол белгілерін ауыстыру сияқты күнделікті қызметке жұмсалмақ.
Ал 30 миллиард теңге мамандандырылған жол техникасын сатып алуға бағытталмақ.