Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Әбдіров Алматы әуежайында жасаған бұзақылығы үшін айыпты деп танылып, 78 640 теңге көлемінде айыппұл арқалады деп хабарлайды Ertenmedia.
Алғашқы сот отырысында судья Әбдіровтің әрекетінен құқық бұзушылық құрамын таппай, істі жылы жауып тастаған болатын. Алайда әуе көлігі прокуратурасы мұнымен келіспей, қайта шағым түсірген.
Апелляциялық сот Әбдіровтің іс-әрекетін егжей-тегжейлі қарап, 27 тамызға қараған түні Алматы әуежайының аумағында прокурордың автобуста жолаушылардың мазасын алып, қоғамдық тәртіпті бұзғанын дәлелдеді. Оның кінәсін оқиға куәгерлері мен полиция материалдары да растаған.
Осылайша сот алғашқы шешімді өзгертіп, Әбдіровке 78 640 теңге айыппұл салды.
Ақтау прокурорының атышулы оқиғасы қоғамда «мас дебош» ретінде қызу талқыланып, Маңғыстау облысының прокуратурасы арнайы қызметтік тексеру бастаған болатын. Тексеріс аяқталғанша Әбдіров қызметінен уақытша шеттетілді.
Ал прокурордың өзі тағылған айыптарды «тым әсірелеп жіберген» деп санайды.