Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қатар астанасы Дохада өткен төтенше Араб-ислам саммитіне қатысып, Қазақстанның халықаралық шиеленістерге қатысты ұстанымын жария етті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Саммитке ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен барған. Пленарлық отырыста Қазақстан тарапы қақтығысты диалог пен халықаралық құқық аясында реттеу қажет екенін айтты.
Саммит аясында Ерлан Қошанов Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен де кездесті. Қатар басшысы Қазақстанның ұстанымына жоғары баға беріп, Астана бұл әрекетті алғашқылардың бірі болып айыптап, Доханы ашық қолдағанын атап өтті. Сондай-ақ ол Президент Тоқаевпен арадағы бауырластық және достық қатынасын ерекше бағалайтынын жеткізді.
Мәжіліс спикері өз сөзінде Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың ушығуы мен халықаралық жағдайдың күрт шиеленісуі осындай төтенше саммит өткізуге негіз болғанын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан Израильдің Қатар аумағындағы әскери әрекетін қатаң айыптайды. Ерлан Қошанов мұндай қадам Қатардың егемендігіне ғана емес, халықаралық құқық қағидаттарына да қайшы екенін атап өтті.
Қошанов сөзінің бір бөлігін Газа секторындағы ахуалға арнады. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қақтығыс басталғалы бері әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға және Газа халқына гуманитарлық көмек көрсетуді күшейтуге шақырып келе жатқанын еске салды. Қазақстан тарапы саммит мінберінен де бейбіт реттеу мен гуманитарлық жауапкершілік мәселесін алдыңғы қатарға шығарды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







