Бүгіннен бастап Қазақстанда қыз алып қашып, некеге тұруға мәжбүрлегендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жаңа бапқа сәйкес, некеге мәжбүрлеушілерге 7,8 млн теңгеге дейін айыппұл салынып, екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Егер бұл әрекет ауыр зардаптарға соқтырса, қылмыскер он жылға дейін сотталады.
Мұндай жаза зорлық-зомбылық көрсеткен, қызмет бабын пайдаланған немесе топтасып қылмыс жасағандарға күшейе түседі. Сонымен қатар, некеге мәжбүрлеу әрекеті кәмелетке толмағандарға қатысты болса, жауапкершілік одан сайын қатаңдатылады.
Сондай-ақ, қылмыстық кодекстегі адам ұрлау бабына да өзгеріс енді.
Бұған дейін алып қашқан адам өз еркімен жәбірленушіні босатса, жауапкершіліктен құтылатын. Енді ондай мүмкіндік жоқ айыбын мойындап, адамды қайтарған күннің өзінде сот алдынан өтеді.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов соңғы үш жылда қыз алып қашуға қатысты 214 арыз түсіп, соның тек оны ғана сотқа жеткенін сынға алған еді. Қалған арыздар «қылмыс құрамы жоқ» деген негізбен жабылған. Осыдан былай, заңнамадағы өзгеріс бұл үрдісті түбірімен өзгертеді деп күтілуде.