Президент Тоқаев Мемлекеттік күзет қызметінің өкілеттігін кеңейтіп, қорғаныс саласындағы күштік құрылымдар арасындағы тепе-теңдікті өзгертетін жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Енді Мемлекеттік күзет қызметі тек жоғары лауазымды тұлғалар мен стратегиялық нысандарды қорғап қана қоймай, қорғаныс өнеркәсібі мен мемлекеттік тапсырыс ісіне де тікелей араласатын болады.
Жаңа құжатқа сәйкес, бұл орган қару-жарақ пен әскери техниканың сипаттамаларын анықтауға, оқ-дәрілерді жоюға, тәжірибелік үлгілерді сынақтан өткізуге, әскери өнімдер тізімін бекітуге, тіпті қорғаныс тапсырысын орындаушыларды таңдауға құқылы.
Сонымен қатар, ведомство әскери-техникалық ынтымақтастық және аумақтық қорғанысты жоспарлау жұмыстарында да белсенді рөл атқармақ.
Жарлықта арнаулы мақсаттағы күштерге ерекше басымдық берілген. Бұдан былай Мемлекеттік күзет қызметінің әскери құрамын жасақтау ең алдымен мерзімді әскери қызметке шақырылғандар есебінен жүргізіледі.
Сондай-ақ, қызметкерлерге жаңа қаржылық төлемдер тәртібі мен дағдарыс жағдайындағы жеңілдіктер де енгізіледі.
Назар аударатын басты жайт Мемлекеттік күзет қызметі бұрын Қорғаныс министрлігіне ғана тән құзыреттерге ие болды.
Осылайша, ведомство «күзет органынан» Президентке тікелей бағынышты, дербес күштік құрылымға айналғалы тұр.
«Бұл өзгеріс елдің қорғаныс әлеуетін күшейтіп қана қоймай, билік вертикалін Мемлекет басшысының айналасына шоғырландыруға бағытталған стратегиялық қадам болуы мүмкін», — деп пайымдайды сарапшылар.