Президент Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінде жаһандық қауіпсіздіктің қазіргі жағдайына қатысты алаңдаушылығын ашық білдірді.
Мемлекет басшысы әлем үлкен апаттың табалдырығында тұрғанын мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.
«Ядролық қақтығыстың қаупі алаңдатып отыр. Сарапшылардың пікірінше, соңғы онжылдықтар ішінде мұндай апаттың орын алу ықтималдығы қазір ең жоғары деңгейде», – деді Тоқаев.
Президент халықаралық саясаттағы теріс үрдістердің қарқын алып бара жатқанын баса айтты.
«Өкінішке қарай, әлемде конструктивті бастамалар мен шиеленісті азайту саясатының орнына қарсыласу пиғылы өршіп, геосаяси текетірес артып, әлеуметтік шиеленіс күшейіп келеді», – деді ол.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы шиеленістің алдын алу үшін дипломатиялық күш-жігерді күшейту қажет екенін мәлімдеді.
«Осындай күрделі жағдайда диалог орнату, бір-бірінен алшақтап бара жатқан тараптардың арасын жақындату және халықаралық деңгейде өзара сенімді арттырудың басты құралы – конструктивті дипломатия болуы тиіс», – деді Президент.
Сонымен қатар, Тоқаев діни көшбасшыларды әлемдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау ісіне белсенді түрде араласуға шақырды.
«Өркениеттер арасындағы диалогты дамыту мен қоғамдағы сенімді нығайтуда діни қайраткерлердің рөлі ерекше. Діни көшбасшылар саясаткерлерге ақыл-парасатты, ізгі ниет пен моральдық жауапкершілікті үнемі еске салып отыру арқылы, әлемді хаос пен алауыздықтан аман сақтап қала алады деген сенімдемін», – деді ол.
Президент сөзінде Орталық Азия аймағындағы климаттық қауіп-қатерлерді де атап өтті.
«Біздің аймақта табиғи өзгерістер ғаламдық орташа көрсеткіштен әлдеқайда жылдам жүріп жатыр. Құрғақшылық күшейіп, мұздықтар еріп, тұщы су қоры сарқылуда. Әр халықтың рухани дәстүрі бізді табиғатпен үйлесімде өмір сүруге үндейді. Жер – бәрімізге ортақ үй, оған қамқорлық жасау – баршамыздың борышымыз», – деп атап өтті Тоқаев.
Президент климаттық өзгерістер тек ғылыми немесе экономикалық мәселе ғана емес, адамзат алдындағы үлкен рухани және моральдық сынақ екенін айтты. Ол осыған байланысты климаттық апаттардың алдын алу мақсатында халықаралық ынтымақтастық пен өңірлік үйлестіруді күшейту қажет екенін еске салды.
«Осы ретте климаттық өзгерістермен күресте діни көшбасшылардың рөлін нақтылайтын бірлескен құжат әзірлеуді ұсынамын. Бұл құжатта рухани құндылықтарға негізделген экологиялық жауапкершіліктің қағидаттары бекітіліп, әсіресе осал өңірлерге қолдау көрсету мәселелері қамтылуы керек», – деді Тоқаев.