Канадалық Laramide Resources компаниясы Түркістан облысы Созақ ауданындағы Шу-Сарысу аумағында геологиялық барлау жұмысын бастайды.
Инвестор қазақ жерінен уранмен қатар мыс пен сирек кездесетін металл кен орындарын табуды көздеп отыр деп хабарлайды Ertenmedia.
Investing News Network басылымының дерегінше, канадалық мамандар бұрғылау жұмысын бастайтын ең перспективалы аумақтарды анықтап қойған.
Жұмыстың басым бөлігі уран кеніштерін анықтауға арналады. Дегенмен Laramide Resources басқа да құнды минералдарға назар аударатынын хабарлады.
«Қазақстандағы алғашқы барлау бағдарламамыз экономикалық тиімді, әрі экологиялық талапқа сай өндіруге болатын, жоғары сапалы уранның ірі кенішін іздеуге бағытталған. Аймақта қажетті инфрақұрылымдар мен жұмыс істеп тұрған өндірістердің болуы экономикалық тұрғыда қосымша басымдық береді», – деді Laramide Resources компаниясының президенті Марк Хендерсон.
Канадалықтар алғашқы барлау бұрғылауын Түркістан облысының солтүстік бөлігінде биылғы жылдың соңына дейін бастайды.
Бұл Laramide Resources-тің АҚШ пен Австралиядан тыс жерде қолға алған алғашқы жобасы. Компания 2024 жылдың соңында Қазақстандағы Aral Resources кәсіпорнының үлесін сатып алып, ел нарығына кірген-тұғын.
«Қазақстан үкіметінің геологиялық барлау жұмыстарын қолдайтын саясаты шетелдік инвесторларға ерекше жағдай жасап отыр. Рұқсат беру рәсімінің жеңілдеуі жаңа кен орындарын ашуға қолайлы жағдай туғызады. Бұл өз кезегінде әлемдік нарықтағы ядролық отынға деген сұранысты қанағаттандыруға сеп болады», – деп атап өтті Марк Хендерсон.
Айта кетерлігі, Laramide Resources-тің негізгі активтері АҚШ-тың Нью-Мексико және Юта штаттарындағы уран кеніштері, сондай-ақ Австралиядағы екі ірі жобасы.
Соның ішінде Австралияның солтүстік-шығысында орналасқан, әлемдегі ең ірі уран кен орындарының бірі саналатын Уэстморленд кеніші де бар. Компанияның бас кеңсесі Канаданың Торонто қаласында орналасқан, акциялары Канада мен Австралия биржасында саудаланады.