Әлемдегі ең танымал инвестор Уоррен Баффеттің дәстүрлі «қарапайым» салаларға салған қаржысы жасанды интеллект бумы кезінде орасан зор табыс әкеле бастады. Ол Berkshire Hathaway төрағалығынан кеткенімен, энергетика мен инфрақұрылымға жасалған көпжылдық инвестициялар бүгінде технологиялық алпауыттардың негізгі тірегіне айналды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жасанды интеллектінің басты сұранысы – электр қуаты
Баффет өмір бойы өзіне түсінікті әрі нақты өндіріспен байланысты бағыттарға ғана арқа сүйеді. Технологиялық нарық чип өндірушілер мен жасанды интеллект стартаптарының соңынан жүгіріп жатқанда, ол қысқа мерзімді толқындарға ермей, құндылықты сақтауға басымдық берді. Дегенмен Berkshire Hathaway жаңа технологиялық төңкерістен сырт қалған жоқ.
Жаңа технологиялардың қарқынды дамуы бұрын-соңды болмаған орасан зор энергияны талап етеді. Деректерді өңдеу орталықтарын үздіксіз жұмыспен қамту үшін мыңдаған мегаватт қуат, сенімді инфрақұрылым және арнайы турбиналар қажет. Berkshire иелігіндегі коммуналдық кәсіпорындар мен энергетикалық нысандар дәл осы қажеттілікті жауып отыр.
Mahoney Asset Management компаниясының басшысы Кен Махони Баффеттің ұзақмерзімді көзқарасына жоғары баға берді.
«Ол экономика онсыз мүлде жұмыс істей алмайтын компанияларға иелік ету керектігін әлдеқашан түсінген. Кейде бизнесте ең қарапайым әрі зеріктіретін салалар тұрақты пайда әкеледі», – деді Кен Махони.
Ширек ғасыр бұрынғы мәміленің бүгінгі жемісі
Berkshire 2000 жылы АҚШ-тың Айова штаты мен Орта Батыс өңірінде электр энергиясын жеткізетін MidAmerican Energy компаниясын сатып алған еді. Ол кезде жасанды интеллект туралы ешқандай сөз жоқ болатын. Алайда қазіргі уақытта Айова ірі деректер орталықтары шоғырланған негізгі хабқа айналды.
Компанияның бас атқарушы директоры Грег Абель бұған дейін жасаған мәлімдемесінде Айова штатындағы жалпы электр жүктемесінің шамамен 8 пайызы дата-орталықтарға тиесілі екенін айтқан болатын. Алдағы бес жылда сұраныс екі есеге жуық өсуі мүмкін. Сонымен қатар басшылық электр қуатына деген сұраныстың артуы қарапайым халықтың коммуналдық төлемдеріне салмақ салмауы керектігін, қосымша желілер құрылысын ірі IT алпауыттары өз есебінен қаржыландыруы тиіс екенін қатаң ескерткен.
«Қате шешімнің» күтпеген пайдасы
Баффеттің энергетикалық стратегиясындағы тағы бір қызық жайт – 2016 жылы шамамен 37 миллиард долларға сатып алынған Precision Castparts компаниясының жағдайы. Авиациялық сала дағдарысқа ұшырағанда, инвестор мәміле үшін тым көп төлегенін мойындап, кезінде 11 миллиард доллар шығынды есептен шығаруға мәжбүр болған еді.
Алайда бұл зауыт газ турбиналарына арналған күрделі суперқорытпа тетіктерін құятын әлемдегі санаулы кәсіпорындардың бірі болып шықты. Бүгінде дата-орталықтарды автономды электрмен қамтитын қуат станцияларына сұраныс еселеніп, турбиналар нарықтағы басты тапшылыққа айналды. Соның арқасында өткеннің «сәтсіз мәмілесі» бүгінде жасанды интеллект дәуірінің таптырмас бөлшегіне айналып отыр.
CFRA Research сарапшысы Кэти Сайферт бұл жетістікті тағдырдың сәтті сәйкестігімен байланыстырады.
«Бастапқыда бұл стратегия аясында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану туралы ешқандай сөз болған жоқ. Мұнда аздаған сәттілік пен тағдырдың сыйы бар», – деп атап өтті Кэти Сайферт.
Нақты экономиканың жеңісі
Berkshire портфелінде Apple немесе Alphabet сияқты технологиялық алпауыттардың үлесі бар болғанымен, ең қомақты табыс көзі физикалық инфрақұрылымнан келуде. Инвесторлардың көпшілігі бағдарламалар мен жаңа микрочиптерге назар аударған шақта, оларды қозғалысқа келтіретін станциялар, желілер мен өндірістік жабдықтар назардан тыс қалған еді.
Баффеттің ондаған жылдар бойы ұстанған басты қағидасы – нақты өмірде алмастыру мүмкін емес негізгі салаларға қаржы салу – цифрлық дәуірде де ең тұрақты әрі жемісті инвестиция болып шықты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







