Carlsberg Kazakhstan Алматы облысында алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа зауыттың құрылысын қолға алды деп хабарлайды Ertenmedia.
Kazakh Invest баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаға қатысты инвестициялық келісімге қол қойылып, зауыттың іргетасы қаланды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1 млрд литрге жуық сусын шығаруға жетеді.
«Жобаның жалпы инвестиция көлемі 344 млн долларды құрайды. Мұнда PepsiCo лицензиясымен өндірілген сусындар Қазақстан мен Қырғызстан нарығына жеткізіледі», – деп хабарлады Kazakh Invest өкілдері.
Жаңа зауыт Іле ауданында 17 гектар аумақта орналасады. Құрылысты 2026 жылы аяқтау көзделген. Кәсіпорында 230-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың қыркүйегінде Carlsberg Group және PepsiCo компаниялары Қазақстан мен Қырғызстан нарығында алкогольсіз сусындарды бірлесіп өндіру, сату және дистрибуциялау бойынша келісімге қол қойған болатын. Осы келісім негізінде Carlsberg Kazakhstan 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап PepsiCo-ның Қазақстандағы ресми серіктесі ретінде сусындарды өндіруге кіріседі.
Сол кезде Carlsberg Қазақстанда жаңа өндірістік кәсіпорын салуға үш жыл ішінде 100 млн еуродан астам инвестиция құюға ниетті екенін мәлімдеген еді. Компанияның болжамынша, жаңа өндіріс орны Carlsberg Kazakhstan-ның қазіргі бизнес ауқымын екі есеге ұлғайтады.
Қазіргі таңда Carlsberg Group пен PepsiCo Норвегия, Швеция, Швейцария, Камбоджа және Лаос елдерінде табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстан нарығында Carlsberg компаниясы 1998 жылдан бастап жұмыс істейді. Carlsberg Kazakhstan құрылтайшылары «Карлсберг Инвест А/С» және «Карлсберг Сверье Актиеболаг».