Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 2030 жылға дейін ел ішіндегі кедейшілікті толығымен жоятынын мәлім етті. Осылайша өзбек билігі әлемдік стандарттарға сай кедейлікті өлшеу әдістемелері енгізіліп, әлеуметтік саясат толықтай жаңғыртуды көздеп отыр. Кезінде біздің Қазақстан да 2030 стратегиясын қабылдап, халықтың тұрмысын көтереміз деп уәде берген еді. Бірақ іс жүзінде қағазға жазылған жоспар мен ұран көп болғаны жасырын емес. Ал көршіміз өз жоспарын шынайы өмірмен ұштастырып, халықтың тұрмысын күнделікті деңгейде жақсартуға күш салмақшы.
Мирзиёевтің айтуынша, тек соңғы жылдардың өзінде 7,5 миллион адам кедейшілік шегінен шығарылған. 2024 жылы кедейліктің деңгейі 8,9 пайызға дейін төмендеп, жыл соңына қарай бұл көрсеткішті 6 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Енді әрбір махаллада жеке-жеке жұмыс жүргізу тәсілі енгізіліп, отбасыларға жер берілді, шағын бизнеске қолдау көрсетілді, әлеуметтік көмектер жаңа деңгейде іске асырылды.
Әсіресе ауылдық жерлерге баса назар аударылғаны байқалады. Мысалы, 235 мың гектарға жуық жердегі дәстүрлі егіс алқаптары қысқартылып, оның орнына әрбір отбасыға 30-50 сотық жер берілді. Осы арқылы жүздеген мың адам өз еңбегімен табыс таба бастады. Сондай-ақ, пандемия жылдарында миллиондаған отбасы дәрі-дәрмек, азық-түлік пен әлеуметтік көмек алып, ашық қалған жоқ.
Мирзиёев бұл жетістіктерді «Жаңа Өзбекстан» моделінің нәтижесі деп бағалады. Халықаралық ұйымдардың қолдауымен қабылданған реформалар жүйесі ел экономикасының екі есеге өсуіне ықпал еткен. Қазірдің өзінде жан басына шаққандағы ЖІӨ 3500 долларға жетті. Әлемдік тәжірибеден бөлек, өз ұлттық ерекшеліктеріне негізделген әдістерді де қатар қолдануы реформаларды халыққа жақын етті.
Кедейшіліктің толық жойылуы дегеніміз – әрбір адамның ең қарапайым қажеттіліктерге қол жеткізуі. Азық-түлік, баспана, киім-кешек, медициналық көмек, таза су мен энергия – бұл адамға қажет ең төменгі стандарттар. Әлемдік есеп бойынша күніне 2,15 доллардан төмен табыс тапқан адам абсолютті кедейлікте саналады. Өзбекстанда да осы көрсеткішті ұлттық деңгейде нақтылап, ең төменгі тұтыну шығыны ретінде 669 мың сум белгіленген. Бұл тәсіл халықтың нақты жағдайын түсініп, әділ саясат жүргізуге мүмкіндік береді.
Қазақстан қоғамына да өзбек билігінің әрекеті ой салуы тиіс. Біз де кезінде «ақ май ағызамыз» деген ұранды көп естідік. Халықты әлеуметтік қолдау, кедейлікті азайту бүкіл аймақтың тұрақты дамуы үшін қажет қадам. Өзбекстан бұл жолда өзінің нақты моделін көрсетіп отыр.